18 нау, 2018 сағат 19:01

ОҚО-дағы баланың ісіне қатысты жаңа дерек шықты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Абай ауылында жоғары сынып оқушылары зорлады деген 7 жасар бала анасымен бірге Астанадан Алматыға ұшады. Анасы мен ұлы "Аналар үйі" орталықтарының біріне орналастырылмақ, - деп хабарлайды sputniknews.kz ақпараттық агенттігі.

"Аналар үйі" атқарушы комитетінің төрайымы Анар Рахымбаеваның айтуынша, таяу арада халықаралық мамандарды тарту арқылы сараптама жүргізу жоспарланып отыр. Сараптама бүлдіршіннің зорланған-зорланбағанын анықтайды. 

"Барлық әрекет бас прокуратура өкілдерінің қатаң қадағалауында болады. Тергеу мүддесіне байланысты істің анық-қанығын жария ете алмаймын. Аталған жағдайды құқықтық алаңда шешу қажет, жан-жақтан өте көп ақпарат тарап жатыр, барлығынан тынышталып, жағдайды ушықтырмауды сұраймын", — деген Рахымбаева баланың әжесі мен тәтесі де Алматыға жол жүретінін нақтылады. 

Рахымбаева дағдарыс орталығының қауіпсіздік қызметінің жұмысы күшейтілгенін атап өтті. 

Ал баланың қорғаушысы Құрманғазы Мүсір Алматыға ұшар алдында дүйсенбі, 19 наурыз күні қылмыстық іс аясында бас прокуратура өкілдерімен кездесу өтетінін айтты. 

ОҚО-ның Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында болған оқиға жұрттың жағасын ұстатты. 7 жасар баланың әжесі өткен жылдың тамызынан бері немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін мәлімдеген еді. Егде әйел полицияға шағымданғанмен, ондағылар істі тоқтатып тастаған.