07 жел, 2017 сағат 04:46

ОҚО-да «Үздік прокурор-2017» сайысының жеңімпаздары марапатталды

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында «Қазақстан Республикасының прокуратурасы күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Шара аясында «Үздік прокурор-2017» кубогы интелектуалдық сайысының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға облыс əкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев пен осы салада еңбек еткен ардагерлер, сондай-ақ Консультативтік кеңес мүшелері мен прокуратура қызметкерлері қатысты.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс прокуроры тәуелсіздік жылдарында өз қызметтерін мінсіз, адал атқарып, жоғары нəтижелерге қол жеткізген сала қызметкерлерін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Құрмет грамотасымен» марапаттады. Сонымен қатар, бірқатар прокурорларға арнайы сыныптық шендер беріліп, «І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.

«І, ІІ дәрежелі «Прокуратура үздігі» төсбелгілері табысталып, елдің тыныштығы мен игілігі үшін уақытпен санаспай қызмет атқарып жүрген қызметкерлер облыс әкімінің арнайы грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары барша прокурорларды қос мерейлі мерекемен құттықтап, қадағалау органы қызметкерлерінің өңіріміздегі құқықтық саясатты жүзеге асыру бойынша міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқанын жеткізді. Мерекелік шара аясында облыстық прокуратураның шұғыл қызметкерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылған сайыстың жеңімпаздары бірнеше номинациялар бойынша марапатталды.

Атап айтқанда Сарыағаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әли Нұрлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының «Үздік прокурор-2017» кубогының иегері атанса, Мақтарал аудандық прокуратурасының аға прокуроры Дәурен Ешанқұлов бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Мақтарал аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мақсат Ералиев «Тапқыр прокурор» номинациясын жеңіп алса, Әл-Фараби аудандық прокуратурасының прокуроры Мадина Абдраманова «Үлгілі прокурор» атанды.