22 қыр, 2017 сағат 13:09

ОҚО-да 15 мыңнан аса тұрғын «Өрлеу» жобасының пайдасын көріп отыр

Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» бағдарламасын іске асыру жұмыстары қарқын алды. Бір ғана Мақтарал ауданында биыл аталған жоба аясында республикалық бюджеттен 963 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникация орталығы ұйымдастырған пресс тур барысында Мақтарал ауданының әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мақсат Жолдасбековтың сөзінше, қомақты қаржылар бөлінуінің арқасында 1439 отбасы, яғни 15493 адам өз кәсіптерін ашып, тірлігін дөңгелетіп отыр.

«Өрлеу» бағдарламасының тиімділігін көрген көпбалалы ананың бірі -   Шынар Саттарова мемлекеттен 450 мың теңге демеу қаржы алып, Жетісай қаласынан дәмхана ашыпты. Қазір мұнда 5 адам жұмыспен қамтылған.

«Мемлекеттің «Өрлеу» жобасын қолға алғаны біз секілді көпбалалы аналарға мол мүмкіндік беріп отыр. Мен өз басым осы жобаны пайдаланып, кәсіп ашуға бел будым. Әзірге нәтижесі жаман емес. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, алғашқы табыстарымызды көре бастадық», -  дейді Шынар Саттарова.

Мұнан соң БАҚ өкілдері Бірлік ауылына ат басын бұрып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында ашылған "Жастар" спорт кешенінің жұмысымен танысты. Сұтанбек Қожанов мектебінің базасында орналасқан кешеннің қайта құрылымдау жұмыстарын осы ауылдың тумасы кәсіпкер Абыз Алипов өз қаржысына жүргізіпті. Мұнда ауыл жастары бір мезгілде спорттың волейбол, баскетбол, футбол түрлерімен айналыса алады. Алдағы уақытта кәсіпкер осы ауылдан су спорты кешенін салып беруді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпкер ауылдың кіре берісіне қақпа тұрғызып, баспанасыз жүрген жағдайы төмен отбасыға құны 5 миллион теңгелік жаңа тұрғын үй салып беріпті.