04 жел, 2018 сағат 07:08

"Нұрлы жермен" пәтер сатып алу үшін 1 млн теңге жинау жеткілікті

Қостанай облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары қолжетімді бағамен берілетін жаңа пәтерлерді банк шотына бастапқы жарна ретінде үй бағасының 20%-ын жинау арқылы сатып ала алды. Оларға банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие ұсынып, пәтер иесі атануға көмектесті.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына арналған үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында «Аэропорт» ықшамауданында салынған. 1 шаршы метрінің бағасы – 140 000 теңге. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар үшін бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 5,5 млн теңгені құрайды. Яғни мұндай үй аламын деген клиенттерге бастапқы жарна ретінде банктегі шоттарына 1,1 млн теңге жинау жеткілікті болды.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов аймақ тұрғындарын мерекемен және қоныс тойларымен құттықтады.

- Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының басты арманы орындалды – олар өз пәтерлеріне қол жеткізді. Баспаналы болған клиенттеріміз жаңа мектептер, балабақшалар және спорт кешендері салынып жатқан жайлы аймақта тұратын болады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қолжетімді өнімдерінің арқасында мүмкін болып отыр. Осы жылдың 11 айындағы банктің жалпы қазақстандық ипотекадағы үлесі 63%-ды құрайды. Барлығы 34 000 қазақстандық отбасы баспана иесі атанды, олардың 7000-нан астамы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында үйлі болды. Жыл соңына дейін әлі талай клиентіміз қоныс тойын атап өтетін болады. Елдегі ең басты әлеуметтік мәселе – азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді тиімді жолмен шешудің айқын мысалы – осы, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

Жаңа үйге қол жеткізген жандардың арасында банк салымшысы Әсемгүл Андрийчук те бар. Ол отбасымен бірге жаңа екі бөлмелі пәтерге ертең көшіп кіруге дайын. Баспана алу үшін салымшы 4 жыл қаражат жинап, үй бағасының 50%-на тең соманың басын құраған. Жетпейтін соманы Қостанай тұрғыны жылдық мөлшерлемесі 4,5% болатын заем түрінде алған.

-  Бұл – біз үшін үлкен жетістік, өміріміздегі ең елеулі сәттердің бірі, қуанышымызда шек жоқ. Банк несиені 7 жылға берді, ай сайынғы төлем сомасы 53 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қазір қаладан бір бөлмелі пәтер де жалдай алмайсың. Бұрын қаланың сыртында тұратын едік. Жұмысқа жету үшін күн сайын тек бір бағытта 40 шақырым жол жүріп өтетінбіз. Жаңа үй өмірімізді өзгертетін болды, - деп әсерімен бөлісті Әсемгүл Андрийчук.

Банк салымшыларына арналған пәтерлер таза әрлеуде беріліп отыр. Мұнда керілмелі төбелер, линолеум, сапалы сантехника бар, жылу есептегіштері мен шаз шығуын бақылайтын құрылғылар орнатылған.

Қазір аймақтың 54 785 тұрғыны баспана алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинап жатыр. Олар да алдағы уақытта қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып ала алады. 2019 жылы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 1 500 пәтер сатылады. Өтінім қабылдау туралы ақпаратты банктің Baspana.kz порталынан білуге болады.