19 қыр, 2018 сағат 16:05

«Нұр Отан» «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаны төмендетуді ұсынды

 

Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Алматыда өткен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында мәлімдеді.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партия тарапынан әлеуметтік бастамалардың маңызын халыққа түсіндіру және жүзеге асыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол осы бағыттағы кейбір мәселелерге назар аударды.
– Қоғамда «7-20-25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның көлемін төмендету мәселесі айтылып жүргені белгілі. Әрине, аталған жарнаны бірден алып тастауға болмайтыны түсінікті. Себебі, пәтер алған азамат тарапынан да жауапкершілік болуы керек. Осы мәселені шешу үшін кейбір азаматтарға әлеуметтік қайтарымсыз көмек немесе процентсіз кредит ретінде алғашқы жарнаның жартысын жергілікті атқарушы органдар төлеу туралы бастамасын көтеріп, оны «Баспана» ипотекалық ұйымына жолдаған болатынбыз. Олар соған сәйкес өз тетіктерін даярлады. Енді сол ұсынысты әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асыру үшін аймақтық филиалдарымызға жолдайтын боламыз. Осылайша бұл идеяны орталық және жергілікті деңгейде жан-жақты жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыс жүргіземіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жиын барысында Алматы қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының ауқымды әлеуметтік жобаларын орындау бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген өтінімдердің 35 пайыздан астамы Алматыға тиесілі. Оның үстіне, қалалық өтініштердің жартысы мақұлданған. Бұл – құны 6,1 млрд. теңге болатын 480 пәтер. Соған байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл қалада 6 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов бес әлеуметтік бастаманың Алматы қаласы үшін маңызы аса зор екенін айтты. Төрағаның айтуынша, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру туралы «Жол картасындағы» 36 тармақтың 29-ы бүгінде орындалған.
Бұдан басқа, басқосуда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басшысы Дәулет Әбілқайыров, «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков және Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.