02 шіл, 2019 сағат 19:16

Ноғаев «Chevron» компаниясының басшылығымен кен орнында болған кикілжіңді талқылады

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Chevron» компаниясының басшылығымен 29 маусым күні «Теңіз» кен орнында болған тұрмыстық кикілжіңді талқылады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "Chevron" компаниясының Еуропа, Еуразия, Таяу Шығыстағы барлау мен өндіру жөніндегі президенті Тодд Левимен кездесті.

Нұрлан Ноғаев қазір жағдай реттелгенін, Теңіз жобасындағы жұмысшылардың өмірлері мен денсаулықтарына қауіп жоқ екенін айтты.

Тодд Леви өз кезегінде "Chevron" компаниясының саясаты бойынша компанияның барлық қызметкеріне тең дәрежеде құрмет көрсетілетінін, құқықтары мен міндеттері бірдей екенін атап өтті.

"Осындай оқиғаның енді қайталанбауы үшін Теңіз жобасына тартылған барлық мердігер мекемелер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жергілікті атқарушы органдарға, құқық қорғау органдарына жағдайды тез реттеуге атсалысқандары үшін ризашылық білдіремін. Алдағы уақытта да өзара байланысымызды табысты жалғастыра беретінімізге сенеміз",- деді Тодд Леви.