19 жел, 2016 сағат 13:31

Мұстафа Өзтүрiктiң мешiтi тозып барады

“Қарнымның ашқанына емес, қадiрiмнiң қашқанына жылаймын” дегендей, бiздiң де газетке хат жазуымыздан басқа амал қалмады. Өйткенi құрғақ уәдеге тойып бiттiк.  1998 жылы Оңтүстiк Қа­зақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес аулында мешiт ашылды. Қазақтың айбоз ұлы, шығыс жекпе-жек өнерiн елiмiзге алып келген Мұстафа Өзтүрiктiң есiмi берiлген Алла үйiнде жамағат бүгiнге дейiн құлшылық етiп келедi. Ендi мiне, ашылғанына 20 жыл жуықтаған мешiтiмiз тозып бiттi. “Ауыл тұрғындарының пiтiр, садақасынан түсе­тiн қаражат ештеңеге жет­пейдi. Кәсiпкерлерден кө­мек, мемлекеттен қолдау болмағандықтан мешiт күн өткен сайын тозып барады” деп Құркелес ауылының бiр топ тұрғыны тиiстi орындар­ға хат та жолдады. Бiрақ ешқандай нәтиже жоқ.

Мұстафа Өзтүрiк атындағы Құркелес ауылындағы мешiттiң iшi-сыртын сылап, әрлеп, әктеп, шатырын су өтпейтiндей етiп қайта жабу керек. Оған қоса, аязды күндерi намаз оқығанда азынаған суық қарып, қарт адамдар шыдай алмайды. Сол себептi ауыл тұрғындары мешiтке жылыту жүйесi қай­та жүргiзiлсе дейдi. Мешiт­тiң айналасын мал кiрмей­тiндей етiп қоршап, балалар намаз оқып-үйренетiн арнайы бөлме ашылсын дегендi де тiлге тиек етiп отыр ауыл халқы. Жаңбырлы күндерi мешiтке жету ауыл тұрғындары үшiн мұңға айналады. Себебi, асфальт төселмеген жолдың ми батпағы шығып, лайсаңға белшеден батасың. Түн iшiнде қараңғы кө­ше­мен жүру де ауыл тұрғындары үшiн қиындық туғызып отыр. Әсiресе, Ораза айы кезiнде, тарауықтан қайтқан жамағат үшiн қараңғы көшемен жүру қиын соғатыны айт­паса да түсiнiктi.

Шығыс жекпе-жегi өнерi­нiң хас шеберi, ақиқаттың жолында алтын басын еш­кiмге имей кеткен Мұстафа Өзтүрiктiң алпыс жылдығын атап өту туралы мәселенi екi жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтер­генбiз. Талғар ауданына қарас­ты Бесағаш ауылындағы Мұстафа Өзтүрiкке 2004 жылы студент мүсiншiнiң қойған қуыршақ ескерткiшi де сол кезде ауыстырылған болатын. Ендi мiне, Мұстафа Өзтүрiктiң есiмi берiлген киелi орынға да үлкен қолдау қа­жет. Күнi ертең Мұстафаның атындағы мешiттiң қабырғасы құлап (бетiн аулақ қылсын), төбесiнен су сорғалап тұрса, елдiгiмiзге сын болмай ма?!

Осы жайтты айтып, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының да қабылдауында болдым. Құркелес ауылындағы жамағаттың дұғай-дұғай өтiнiшiн де айттым. Бас мүф­ти бұл мәселенi “зерттейдi, түйткiлдi шешедi” деп көмек­шiсiне тапсырған болатын. Содан берi сегiз айға жуықтады, бiрақ ешқандай қозғалыс жоқ.

Мүфтият осы мәселенi оң шешiп берсе, Мұстафа Өз­түрiктiң аруағы разы болып, ауыл тұрғындарының да күптi көңiлi сейiлетiн едi. Алла үйiнiң жарқырап тұрғаны әркiм үшiн де мақтаныш емес пе?! “Тозығы жеткен мешiт құлапты” деген сөз есту, бәрiмiз үшiн де ауыр тиедi ғой.

Ескiрген мешiттi жаңалап салып берудi Мүфтиятқа, Бас мүфтиге ғана өтiнiш етiп отырған жоқпыз. Бұл мәселеге ауылдан шыққан жекелеген кәсiпкерлер немесе өзге де атымтай-жомарт азаматтар қол ұшын созып, қолдаса дұрыс болар едi. “Мұстафа Өзтүрiктiң аты берiлген ме­шiттi Мүфтият бас болып, елдiң атымтай-жомарт азаматтары қаржылай қолдау көрсетiп салып бердi” деп Құркелес ауылының тұрғындары мақтанып жүрсе, қандай ғанибет!

Берiк қажы ӘДИЕВ,

Алматы қаласы

"Жас Алаш" газеті