04 шіл, 2018 сағат 06:27

Мүфтияттың Түркістан облысындағы филиалы ашылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысының орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұрақты түрде жұмыс істейтін өкілдігі ашылды.

Ашылу салтанатына ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Арын Берік, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз және облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, мешіт имамдары қатысты.

Түркістан өлкесінің бай тарихи тәжірибесі, кемел рухани дәстүрі жаңа облысты еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің сапына шығарарын айтқан Б.Арын бұл өкілдіктің ашылуы келелі істердің ұйытқысына айналар игі бастама екенін жеткізді.

«Түркістанның түбі бір түркі жұртының рухани астанасы ретінде танылуында, осы өңірден көшпенділер әлеміне ислам дінінің таралуы мен орнығуына өлшеусіз еңбек сіңірген рухани ұстаз – Ахмет Ясауидің орны ерекше. Осынау тарихи дәстүрді, рухани сабақтастықты сақтай отырып, оны одан әрі жаңғырту біздің басты міндетіміз. Бүгінде осы қасиетті мекенде, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі бастамашылдығының және бірлесіп атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдігін ашу дер кезінде қабылданған орынды шешім деп санаймыз» - деді Б.Арын.

Сонымен қатар, Б. Арын өз сөзінде ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы – Түркістан облысының өкіл имамы ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб-мүфтиі Наурызбай Тағанұлының тағайындалуымен және киелі Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болуымен құттықтады.

Жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев пен ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти С. Ораз осы тарихи оқиға бойынша өздерінің жылы лебіздерін білідірді.