16 там, 2018 сағат 09:28

Меценат бизнесін ауылдастарына беріп жатыр

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Федоровка ауылында бірнеше қайырымдылық жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұнда ірі сауықтыру кешені салынып жатыр. Осы бастаманы көтеріп әрі демеуші болып отырған - меценат Сержан Идиятов.

«Федоровка ауылында сауықтыру кешенін салу - менің жобам, оны өзім іске асырып жатырмын. Қабырғасын көтеріп қойдық, қазір төбесін жауып жатырмыз. Жоспар бойынша 2019 жылы пайдалануға береміз», - дейді бизнесмен.

Ол ізгі идеяның туындау себебін айтты. «Федоровка ауылы - қоғамдық моншасы жоқ жалғыз аудан орталығы. Кейбір аудан орталықтарында қос-қостан осындай кешен бар. Бұдан тыс, Федоровка - менің туған ауылым. Сондықтан осы жерде 100 адамға арналған монша салуға ұйғардым. Қызметтер аясын кеңейтіп, жабық бассейнді де қостық. Өйткені біздегі жаз қысқа. Бұдан тыс, кешенде жаңа технологиялармен ас әзірлейтін пиццерияда болады», - дейді меценат.

Бірақ бизнесмен бұл кешен арқылы табыс табуды ойлап отырған жоқ. «Кешенге жұмсалған қаражаттың өтелуіне бірнеше жыл кетеді. Егер оны қалаға салғанымда, шығыны аз болып, жылдам өтелетін еді», - дейді С. Идиятов.

Федоровка ауылының тұрғындары кешеннің салынып бітуін тағатсыздана күтіп жүр. Дегенмен бұл меценаттың туған ауылына жасаған алғашқы қайырымдылығы емес. «Бұған дейін автобустар сатып алып, бағдарға қостым, заманауи аялдама павильондарын, дүкендер салғыздым. Өйткені, ауылдың арасы ұзақ, балалар мектепке бару үшін 4 шақырым жол жүреді. Қазір екі аялдаманың құрылысы аяқталды», - дейді меценат.

Кешен құрылысы аяқталған соң меценат оны жергілікті іскерлерге тегін бермек.

«Олар бұл нысандарда өз жобаларын іске асыруына болады. Конкурс жариялағанбыз, болашағы зор жобаларды қарап жатырмын. Іріктелген жобалардың авторларына нысандарды тегін беремін», - дейді С. Идиятов.

2017 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласында «Туған жер» бағдарламасын іске асыруды ұсынған болатын.

Бағдарлама аясында қазақстандықтар бүкіл республикада өз қаражаттарына түрлі жобаларды іске асырып, туған өлкесін дамытуға үлес қосып келеді.