08 қар, 2017 сағат 21:04

"Мерказ" еврей этномәдени бірлестігінің 25 жылдығының мерейтойы өтті

Павлодардағы Достық үйінің акт залында "Мерказ" облыстық еврей бірлестігінің 25 жылдығына арналған іс-шара өтті.  Оған облыс, қала басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Семей қаласының және Павлодар облысының еврей орталықтарының өкілдері қонақ ретінде қатысты. Қонақтар мен көрермендерге орталықтың құрылу тарихы туралы айтылып, «Мерказ» орталығы дайындаған   қызықты концерттік бағдарлама ұcынылды.

Мерейтойлық концерт «Мазаль» хореографиялық ұжымының орындауында әдемі «Шашу» қазақ биімен ашылды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жетпісбаев Сейсембай Қалижанұлы өз сөзінде барлық қатысушыларды "Мерказ" орталығының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, орталық қызметіне сәттілік тіледі. Бірлестіктің белсенді мүшелерін марапаттау рәсімін Е.М.Рахымжанов, А.Г.Дяк және Э.С.Паули жалғастырып, орталықтың өркендеуіне тілектестіктерін білдірді.

1996 жылы "Мерказ" ұлттық-мәдени орталығының қауымдастығы "Мицва" еврей ұйымдарының құрамына кірді. Осыған орай мерейтой иелерін арнайы құттықтау мақсатында іс-шараға еврей қауымдастығының президенті, Қазақстанның Еуроазиялық еврей конгресінің мүшесі Александр Иосифович Барон атасалысты.

Осы тамаша күні қонақтар орталықты ұйымдастырып, дамуына зор үлес қосқан адамдарды еске алды. Олар: 20 жылдан астам «Мерказ» этномәдени бірлестігін басқарған Свечинская Фаина Павловна, Леонид Шестак, Татьяна Любарская, Софья Бурштейн, Марат Динерштейн, Свечинский Леонтий және басқалар.  

Павлодар облысының дамуына елеулі үлес қосқан еврей этносының өкілдері арасынан Нахман Шафер, Григорий  Гутник, Лина Тарасула, Моисей  Краснов, Валерий  Ступельман, Борис  Каминский, Фаина Шнеерова және басқаларды атап өтуге болады. Павлодар облысының этномәдени бірлестіктерінің төрағалары құттықтау сөздерінде "Мерказ" орталығына үлкен жетістіктер тілеп,  естелік сыйлықтар мен дипломдар табыстады.

Мерейтойлық жиын қызыққа толы болды. Бағдарлама "Мазаль" хореографиялық ансамблінің, "Анахну" ән ұжымының, "Тэйбэлах" вокалдық тобы мен "Тапуах" вокалдық студиясы мүшелерінің орындауындағы ән-билерімен, сондай-ақ Абдығомар Қанат пен Дмитрий Назаренконың орындауындағы жеке әндермен тартымды бола түсті. Ал мерекеге арнайы Семей қаласынан келген шығармашылық ұжым өзімен бірге қызықты билерін алып келді.

«Мерказ» этномәдени бірлестігінің 25-жылдығына арналған мерейтойлық кеш «Хава Нагила» атты әдемі әнмен аяқталды.