10 сәу, 2018 сағат 13:31

«Мен қазақпын» мегажобасының екінші кезеңі басталады

Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен «Мен қазақпын» атты халықаралық мегажобаға байланысты баспасөз мәслихаты өтті.     

Шараға Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин қатысты.

Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында  атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ бірлесіп 2017 жылы «Мен  қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мегажобасын жүзеге асырған болатын.

«Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин: «Биыл, «Мен қазақпын» жобасына еліміздің 14 аймағынан, 170 аудан қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, әдеттегідей шетелдегі қандастарымызды тарту үшін Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Баян-Өлгей және Қырғызстанда ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл жоба ұлттық төл өнерімізді дамыту ғана емес, жаңа есімдер ашумен қатар, еліміздегі әнші-термешілер мен күйшілердің өнерін кеңінен насихаттау» - деді.

Өткен жылы, бұл ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп,  облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын. Ал, Астанада өткен  телевизиялық жобаға 57 өнерпаз бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды. Үш айға созылған телевизиялық байқауда әнші, күйші, термешілердің үздігін анықтауға қазылар алқасымен бірге көрермендер де дауыс беру арқылы атсалысты.

Осылайша, «Мен қазақпын» мегажобасының бірінші маусымдағы шығарылымы Тәуелсіздік күні қарсаңында мәреге жетті. Жеңімпаздарды марапаттау Астана қаласы Орталық концерт залында өтіп, финалистер және өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтті. 

Халықаралық деңгейде  ұйымдастырылған «Мен қазақпын» мега жобасына өнерпаздарды тарту үшін шет елдерге іс-сапар ұйымдастырылып, Қытай, Ресей, Моңғолия елдерінде тұратын қандастарымыз да өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алған болатын.  

Сондай-ақ, жоба аясында әр өңірдің тарихына, ел ішіндегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне байланысты 20 фильм  дайындалып, эфирге шыққан еді.

Айта кетейік, шығармашылық ұжымның еңбегі лайықты бағаланып биыл өткен «Тұмар» Ұлттық телевизиялық байқауында «Үздік ойын-сауық жоба» аталымын жеңіп алды.