05 ақп, 2018 сағат 12:41

Маңғыстауда 500-ге жуық жас жұмыссыз

Маңғыстау облысында тіркеген жұмыссыздардың 3,5%-ы жастар. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова осылай деп мәлімдеді.

Өңірде 14 мыңнан астам жұмыссыз тұрғын бар. Олардың 500-ге жуығы жастар. Алайда, жергілікті билік бұл көрсеткішті азайту үшін бірқатар шараларды қолға алды. Облыста жыл басынан бері шамамен 31 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 5,1%-дан, 4,9%-ға төмендеген. Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық 5%-дан, 3,5%-ға азайған.

Жастарды қайта оқытып біліктілігін арттыруға мән берілуде. «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша аймақта 800 жас оқып, кәсіпорынға жұмысқа орналасса, өндірістік тәжірибе бойынша 173 жасқа жолдама берілген. «Жаңа серпін» бойынша жастар «Каспий Тасжол», «Каспиопласт», «Аrcelormittal», «Өзенқұрылыссервис», «Қазавтожол» кәсіпорындарына орналасты. Ал, өндірістік тәжірибеге дәнекерлеуші, есепші, машинист, электрик, бағдарламашы мамандықтары бойынша жолдама берілді», - деді Шолпан Ілмұханбетова.

Енді биыл 26 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Әсіресе, құрылыс, сауда, қызмет көрсету саласы мен өңдеуші өнеркәсіпке жастарды тарту қолға алынбақ.

Айта кетейік, баспасөз мәслихатында жұмыссыздар санатында өзін-өзі табыспен қамтығандардың да енгенін айтылды. Олардың қатарында көше сатушылары да бар. Тұрақты жұмысы болмаса да табыс табады. Облыста осындай 30 мыңнан астам адам анықталған. «Өзін-өзі қамтыған халықтың 80%-ның үнемі немесе тоқсандық кірісі бар екенін анықталды. Енді оларды жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеп, заңдастыруды бастаймыз. Яғни, олар белгілі бір мөлшерде салық төлеу керек» - деді Шолпан Ілмұханбетова.

Сондай-ақ, сандық технологияға көшкен кейбір кәсіпорындар жұмысшыларын қысқартуды бастамақ. Ал, Шолпан Ілмұханбетованың айтуынша, мамандар жұмыссыз қалмас үшін деңгей-деңгеймен қысқарту туралы келісім жасалған. Осы аралықта оларға басқа салаға жолдама беру жоспарланған.