25 шіл, 2017 сағат 11:19

Мәңгілік ел – жарқын болашақтың кепілі

2014 жылы 17 қаңтарда тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды құжат қабылданды. Бұл – «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының халыққа арнаған Жолдауындаеліміздің рухын асқақтатып ұлы мақсат-мұраттарға жеткізуге негізделген «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болды.

Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының  бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол-халық даналығының незінде жатыр» деп атап көрсетті.

Ұлттық руханият, ұлттық құндылық – әр ұлттың қоршаған табиғат ерекшіліктеріне сай өмір салты негізінде жинақталған тұрмыстық және руханимұрасы.

«Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген ат аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын»

деген С.Торайғыровтың сөзі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше әлемдегі өркениетке ұмтылып, жаһанданудың шапшаң өзгерістерінен қалыспай, ең озық технологияларды игеру басты бағыт саналған бүгінгі таңда, ұлттық құндылығын жоғалтпаған халық қана адамзат тарихында мәңгілік қалары анық.

Сондықтан, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы өмірлік қажеттігіліктерді халықтың, оның ішінде жастардың болашақты байыппен бағалап, өздерінің азаматтық парызын дұрыс түсінулеріне бағытталды. Ұлттық тәрбие ғылымының негізін қалаушы, педагог жазушы Әдібай Табылды: Қандай тәрбие болса да, ол ұлттық тәрбие деп аталынады, өйткені ол белгілі бір ұлттың тәрбиелік тәжірибесінде қалыптасып, сол үлттың өз тілінде жүргізіледі». Ғалым өзінің «Ұлттық тәрбие» еңбегінде: «Ұлттық әдеп, ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық қағида арқылы пайда болған ұлтжандылық мінез қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қасиетті ұлттық мінезі» делінген.

Демек, Мәңгілік ел идеясы – жастардан осы ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, оларды заманның өзгерістеріне сәйкестендіре қолдана білуді, қоғам талаптарына сай, білім-ғылымның барлық мүмкіндіктерін ел игілігіне, халық мүддесіне жұмсауды талап етеді.

Елбасының үздіксіз білім алу және өмір бойы оқу тапсырмасы, әсіресе жастарға қарата айтылды. Өйткені, ғылым прогрестіңтқарқанынан қалыспау,  адамзат баласының бүгінгі таңда қол жеткізген барша жетістіктері мен жаңалықтарын қазақ елінің өсіп-өркендеуіне жұмсау – болашақтың табанды іргетасы болмақ. Бұл ретте, жастардың үлесі мол болуы тиіс. Қазіргі кезеңде дүние жүзіндегі мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғап, әлем халықтарының ынтымақтастығын нығайтатын білімді, саналы жастар.

Сонау Тоныкөк, Білте қаған кезінде мәңгілік ел болудың тұжырымдамасы жасалып, бүгінгі Қазақстан тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тарихында жалғасын табуы – Елбасының үздіксіз, табанды еңбегінің нәтижесі.

Осы 25 жыл ішінде, әсіресе жастардың бастамасына баса көңіл аударылып, олардың шетелдерде білім алуларына, тәжірибелік тағылымдамалардан өтулеріне зор мүмкіндік жасалды және ол әлі де жалғасуда.

Сондықтан, ел ертеңі – жастарда, деген қанатты сөз, «Мәңгілік ел» ұлттық идея жүзеге асыру арқылы жастарға артылған жауапкершілік.

Қасымова Ж.А.,

ҚР ДІАҚМ ДІК

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы