#
#
Cәрсенбі 26/09/2018

Лифтіде қаза болған журналистің анасы мәлімдеме жасады (Видео)

  • 15.05.2018
  • 0
  • 2350

Лифтіде қаза болған Айзат Әбдісаматтың отбасы 40 күндік садақасынан соң мәлімдеме жасады. Отбасы кінәлі адамдардың жазалануын талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы 12 ықшам ауданында бір айдан астам уақыт бұрын қайғылы оқиға тіркелді. Небәрі 28 жастағы журналист Айзат Әбдісамат үш жастағы қызымен лифтіге мініп, сол жерде мерт болды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, жас келіншекті күйеуі лифті ішінде қыстырылып тұрған жерінен алып шыққан. Сол жерде баласы да болды.

Ал бір айдан соң Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы лифтінің автоматикасы істен шыққанын тексеру кезінде анықтады. Лифт мамандарының қорытындысы ішкі істер органдарына берілген.

Мән-жайды біліп отырған Айзат Әбдісаматтың отбасы кінәлілердің жазалануын талап етті.

«Қызымның қазасы күйеу балама да ауыр тиді. Олар ұйқыдан айырылды. Кішкентай қызы анасын көп іздемейді. Бала болса да мамасының енді келмесін сезеді. Суретін көргенде ғана «Айзат, Айзат» деп елеңдейді. Кейін «менің мамам лифтіге қысылып қалды, мамам «помогите» деп айқайлады» деп қайталайды. Балада қорқыныш бар. Көлік ішінде отырғанда да «қолыңнан ұстап отырайын, құлап қалмашы» деп жанындағы адамның қолынан айырылмайды. Арада 40 күн өтті. Біз садақаны өткізіп, лифттерді тексеру аяқталғанын біліп отырмыз. Барлық айғақ бар, лифттің істен шыққаны белгілі, бірақ іс сотқа жетер емес. Кінәлі адамдардың жазаланғанын талап етеміз», - деді Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова. 


Қаза болған жас келіншектің отбасы лифтіге қызмет көрсететін «Жәнібек сервис» ПИК жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.

«Тұрғындар лифтінің жиі тоқтап қалып, ішінде қамалғанын айтып жатыр. Бауырым көз жұмды. Бірақ біз мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауын қалап, лифтке жауапты компанияның жауапқа тартылуын сұраймыз. Пәтер иелері кооперативінің өкілі келген кезде «оның ажалы» деп айтып кетті. Жылап отырғанда осы сөз жанымызға батты. 4 жыл бойы сол лифтіге мініп жүрген Айзаттың қауіпсіздікті сақтамауы мүмкін емес», - Айзат Әбдісаматтың апасы Гүлжайнар Қарашолақова.

Айта кетейік, лифтідегі қайғылы оқиғаға байланысты «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды.

Жас келіншек қаза болған лифт есігі сол күйі ашық тұр. Тұрғындар есік алдына ағаш қойған.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР