04 мау, 2020 сағат 10:35

Қызылордада соңғы бір аптада 144 адам коронавирус жұқтырған

Қызылорда облысында соңғы бір аптада 144 адам коронавирус жұқтырды. Мұндай өсім көрсеткіші санитариялық талаптардың сақталмау салдарынан тіркелген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыста биылғы жылдың 28 наурызы мен 3 маусымға аралығында коронавирус инфекциясының 449 дерегі анықталды. Оның 220 жағдайы немесе 49% төтенше жағдай алынғаннан кейінгі бір айға толмайтын уақытта тіркеліп отыр. 

Ал 27 мамыр-2 маусым аралығында ауру саны ең жоғары көрсеткішке жетіп, бір аптада 144 жағдай тіркелді. 

«Бір ошақтан 56-60 ауру жағдайы тіркелген деректер кездесті. Мұндай өсім көрсеткіші санитариялық талаптардың сақталмау салдарынан тіркелуде. Соңғы күндерде облыста төтенше жағдай алынып, карантин талаптары жеңілдетілді. Халықтың тыныс-тіршілігіне қажетті салалар мен нысандар кезең-кезеңімен іске қосылды. 

Жаз мезгілінің аптап ыстығында халықты шектеуде ұстау мүмкін емес. Дегенмен шыдамдылық танытып оқшауланудың қарапайым ережелерін эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша ұстағанымыз жөн. Бүгінгі күрделі эпидемиологиялық ахуал әлі де болса мерекелік шараларды, жиын-тойларды, ойын-сауықтарды, топтасып қыдыруды доғара тұруды талап етеді», - деді Қызылорда облысының тауарлар мен көретілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысының орынбасары, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова. 

Облыстың бас санитарының айтуынша, санитарлық-гигиеналық талаптарды бұлжытай орындағанда ғана бұл инфекцияны тұрақтандыруға болады. Облыста тіркелген аурудың 80-90% жеңіл, клиникалық белгілерінсіз өтуде. Бірақ бұл жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Себебі, клиникасыз жүрген адамдар вирус тасымалдаушылары болып саналады. Отбасындағы, ұжымдағы жалпы қоғамдағы иммунитеті төмен адамдар үшін үлкен қауіп төндіреді. 

«Оған дәлел бүгінгі күнгі жансақтау бөлімінде ауыр халде ем алып жатқан азаматтар. Тасымалдаушы пациент «Д» есепте тұрған, егде жастағы адамдар, босанған немесе жүкті әйелдер мен балалар үшін ауру көзі болып табылады. 

Жалпы коронавирус инфекциясының бірнеше түрі бар. Соның ішінде этиологиясы белгісіз болып отырған жаңа COVID-19 қоздырғышы осы аталған топтың басқа түрлеріне қарағанда қоршаған ортада ыстыққа да, қатты суыққа да төзімді. Сол себепті инфекцияның мерзімдік көтерілу немесе түсуіне еш әсерін тигізбей отыр. Сондықтан оқшаулау тәртібі, санитариялық-гигиеналық ережелер сақталмаған жағдайда бұл инфекцияны ауыздықтау мүмкін емес», - деді ол.