04 нау, 2019 сағат 12:11

Қытайда ғалымдар мен туристерге арналған "Марстағы лагерь" ашылды

Лагерь 160 адамға арналған. Олар үшін бірнеше автономды модульдерден тұратын "Қону аймағы" және база салынған.

Қытайдың солтүстік-батысындағы лагерьде Марс планетасындағы тәрізді орта жасалған. Базаға ғалымдар мен қарапайым туристер келе алады, деп хабарлады South China Morning Post.

Лагерь 32 га аумақты алып жатыр. Ол Ленху қаласынан 60 шақырым жердегі құрғақ шөлді аймақта орналасқан.

Қытай аэроғарыштық ғылыми-техникалық корпорациясының директоры Пан Гохуэйдің айтуынша, бұл жердің аумағы Марсқа ұқсас.

База екі бөлікке бөлінген, олардың бірінде "Марсқа Қону" аймағы болса, ал екіншісінде – "Марсиандық лагерь" орналасқан, ол 160 адамды орналастыра алатын бірнеше модульден құралған.

"Бұл лагерь Марсқа баратын адамдардың болашақ өмір сүру ортасына барынша жақындатылып жасалған", – деді лагерь басшысы Гао Цзюньлин.

Жобаның құрылысы 2018 жылдың маусым айында басталды, оған барлығы 150 млн юань (22,3 млн доллар) жұмсалған.

Басылым сондай-ақ, Қытай ғарышты игеру бағдарламасын кеңейтіп, келесі жылы Қызыл планетаға роверді жіберуді жоспарлап отырғаны туралы да жазды.

Оның егжей-тегжейін Қытайдың Айды барлау бағдарламасының бас инженері Ву Вей Рен айтып берген.


Қытай ұшырмақ болып отырған зонд Марс орбитасына шығып, кейін Қызыл ғаламшарға қонады. Қытайлықтар осы зонд Марс бетін толыққанды зерттейді деп үміттеніп отыр.

Ву Вей Реннің айтуынша, Қытай «Change 5» бағдарламасын қайта қолға алып, биыл желтоқсанға дейін зондты Айға ұшырмақ. Егер ол Ай бетінен алынған үлгілерді жинап, Жерге сәтті оралса, Қытай АҚШ және бұрынғы Кеңес Одағынан кейінгі осы технологияны игерген үшінші ел атанады.

Baq.kz