12 нау, 2019 сағат 10:25

Қысқы Универсиада қорытындысы: Қазақстандықтардың еншісінде 7 медаль

Ресейде өткен XXIX қысқы Универсиада ойындарында қазақстандық студенттер барлығы 7 медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Байрақты дода Красноярск қаласында 2-12 наурыз аралығында өтті. Ел намысын барлығы 95 спортшы (5 мəнерлеп сырғанаушы, 13 шаңғышы, спорттық бағдарлау мен шорт-тректен - 10, тау шаңғышысынан 2 спортшы және т.б.) қорғады.

Он күндік жарыстың нәтижесінде Қазақстан қоржынына 4 күміс, 3 қола медаль түсті. 

«Сайысқа еліміздің жоғары оқу орындарының 17-25 жас аралығындағы студенттері мен академиялық дәрежесі бар түлектері қатысты. Жүлделі орындар иеленген жас спортшыларға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова құттықтау хат жолдап, лайықты жеңістерімен құттықтады», - делінген министрлік ақпаратында.

2019 жылғы қысқы Универсиадада медаль иеленген спортшылар: Жанбота Алдабергенова (фристайл-акробатика, 3-орын, әл Фараби атындағы ҚазҰУ), Әсет Дүйсенов (шаңғы жарысы, 2-орын, Қазақ спорт және туризм академиясы), Хан Яна, Волковицкая Алёна (шорт-трек, 3-орын, Қазақ спорт және туризм академиясы), Әмірғалиева Әлия, Бақытгереева Қадиша (шорт-трек, 3-орын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті), Никиша Денис, Қажғали Нұртілек (шорт-трек, 3-орын, Қазақ спорт және туризм академиясы), Жақсыбаев Мерсаид, Шамуханов Еркебұлан (шорт-трек, 3-орын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті), Гридин Никита, Климин Олжас (шаңғы, 2-орын, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті), Әсет Дүйсенов, Люфт Иван (2-орын, шаңғы жарысы, Қазақ спорт және туризм академиясы), Тұрсынбаева Элизабет (2-орын, мəнерлеп сырғанау, Қазақ спорт және туризм академиясы).