24 шіл, 2017 сағат 13:05

Қыран қанатындағы арман

– Айтыңызшы, мына  құс құлап кетпей ме?

– Жоға, балақай, құламайды, – дедім Ұлттық музейдің атриумында тұрған құстың макетінен көз алмай, аузы аңқайып, таңырқап қарап тұрған балдырғанды қызықтыра түскім кеп.

– Қалай сонда? Қанаты да талмай ма?

– Жоқ, талмайды. Ол анда-санда ұшады ғой, – дедім ауылдың қара домалақ баласын сөйлеткім кеп. Ол маған бағжаң етіп бір қарады да: – Қойыңызшы, өтірік айтасыз, – деді күліп.

– Рас айтам, қыран құс түске дейін бір рет, түстен кейін бір рет қанатын қағып, кәдімгідей қозғалады. Біраздан кейін өздерің куә боласыңдар.

– Бұл біздің туда бейнеленген кәдімгі бүркіт емес пе. Оны да осы музейде сақтайды екен ғой сонда...

Ауыл баласы еркін, аңғал, ойы ұшқыр, сөзі өткір. Биязы боп көрінгенімен, сөзге тартсаң, тақылдап, бар ойын жайып салады ортаға. Таңданысын жасырмайды, ешкімді жатсынбайды. Ұлттық музейге күн құрғатпай қонаққа кеп жатқан топ балалардың сұрағы көп. Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан т.б. облыстарынан келген жеткіншектер әр жәдігерге таңданып, қызықтап қарайды. Жүздерінде күлкі ойнайды, көңілдері көтеріңкі. Көзіме ыстық көрінген қара домалақтармен әңгіме-дүкен құрдым. Атырау облысы Индер ауданынан келген 9-сыныптың оқушысы Марғұлан: «Астанаға келу арманым еді. Тек теледидардан көреміз ғой ауылда. Арманым орындалды. Бәйтерекке, Әзірет Сұлтан мешітіне, «ЭКСПО» көрмесіне, көп жерлерге бардық. Қатты ұнады. Кейін оқуға келемін деп шештім», – деп Астанадан алған әсерімен бөлісті. «Ұлттық музей ұнады ма?» деген сұраққа жапатармағай «иә» деп жауап берген қыздар Шығыс Қазақстан облысынан келіпті. 10-сыныптың оқушысы Айгерім: «Маған ерекше ұнаған – Алтын адам. Біз оны оқулықтан танып, білетінбіз. Суретін ғана көрдік, ойша елестететінмін. Ал бүгін көзіммен көрдім. Өте әдемі екен. Суреттегіден бөлек», – деді таңданысын жасыра алмай. «Қалайша, жәдігер суреттегі Алтын адамға ұқсамай ма?», – дедім ойын білгім кеп. «Ұқсайды. Бірақ, жақыннан, көзбен көргеннің әсері бөлек екен. Жылтырап тұр. Енді ешқашан ұмытпайтын болдым», – деді жымыңдап. Орал өңірінен келген  Дидар 7-сыныпты аяқтапты. «Музей маған қатты ұнады. Биік, кең. Кіріп келген кезде бүркітке көзім түсті. Үлкен, сап-сары. Өте әдемі екен», – деді. «Ал маған теңгелер ұнады. Теңгеміздің алғаш шыққан кезде қандай болғанын білмейді екенбіз, 1 теңгелік, 3 теңгелік, 50 теңгелік қағаз ақшаларды көрдім. Абай Құнанбаев, Сүйінбай бабамыз, Әл-Фарабидің суреттері бейнеленіпті. Қазір 200 теңгеліктен жоғары қағаз ақша, қалғаны тиын ғой», – деп атыраулық Сұлтан жәдігердің көмегімен біліп қалған «жаңа ақпараты» туралы асықпай баяндады.

 Ауыл баласының «Астанаға барсам» деген қиялына қанат бітіріп, арманын орындаған Астана қаласының әкімдігі екен. «ЭКСПО» Халықаралық көрмесі аясында арнайы экскурсия үшін өзге аймақтардан елордаға оқушылар әкеліпті. 10 маусым-10 қыркүйек аралығында 12-16 жастағы (6-10 сыныптағы) еліміздің барлық облыстарынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан және дарынды оқушыларға  Астана қаласының көрікті жерлерін көрсетеді.  Әр өңірден 1600 баладан 25 рет келетін 40 000 баланың жатын орны, тамағы, жол пұлы тегін. Кішкентай қонақтар екі күндік арнайы әзірленген бағдарлама барысының бірінші күнінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне барады, ал екінші күні қаланың өзге жерлерімен (Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Атамекен» этно-мемориалды кешені, «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені,  Бейбітшілік және келісім сарайы, Байтерек монументі) танысады. Оқушылардың қасында медбике, мұғалім, тәрбиешілері де бар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кестесіне сәйкес, бір айналымда әр облыстан 70-200 оқушыға дейін келу  қарастырылыпты.

 Оқушыларға жол көрсетіп жүрген «Skyway» компаниясының қызметкері Алдияр Хамитов: «Студентпін. Қазір гид болып жұмыс істеймін. Оқушыларды вокзалдан күтіп алып, орналастырып, тамақтандырып, қаланы аралатып, шығарып саламын. Бір сөзбен айтқанда, үнемі қастарында бірге жүремін. Сұрақтарына жауап беремін. Біздің компания тендер ұтып алып, жаз мезгілінің басынан бері осы жұмыспен айналысып жатыр. Мені тек Атырау облысының оқушыларына бекіткен. Біз оқушылардан бөлек, «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға келетін ересек кісілерге де қызмет көрсетеміз», –деп өз міндетін айтып берді. Алдиярдың айтуынша, жұмысы қызықты, өзіне ұнайды. Компания әр облысқа 15 гидтен бөлген. Барлығы да студенттер. Алпыс адамнан қабылдап, үш күн сайын ауысып жұмыс істейді екен.

 Аталған экскурсияға оқушыларымен бірге Атырау облыстық Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі мен бір-біріне бауыр, бір үйдің балалары тәрбиеленетін «Шаңырақ» балалар ауылынан елу сегіз жеткіншек келіпті. Балалар үйінің әлеуметтік-педагогы Айсұлу Қадіржанова: «Балаларға да, бізге де ұнап жатыр. Махамбет, Қызылқоға, Индер аудандарынан, жалпы жеті ауданнан түрлі жастағы мектеп оқушылары бар. Балалардың өз мемлекетінің астанасын танып, білуіне, өрелері өсіп, болашаққа мақсаттарын айқындау үшін ұйымдастырылған игі шара болды. Барлығының көңілдері тоқ, мәз-мейрам», – деп, әр сәбидің жанын жанарынан оқып үйренген ұстаз да балалардың қуанышына ортақ.  

 Балалардың Ұлттық музейден алған әсері ерекше. Әр жәдігерге зер салып қарап, «оқығанбыз, естігенбіз, суретін көргенбіз» деп шулайды. Үңіле түсіп, таңырқап қалады. Мен озат оқушы үшін, балалар үйінің жасқаншақ көңіл сәбилері үшін, арманшыл жасөспірім үшін қуандым. Бір сәт серпіліп, достарымен бірге қыдырып, арман қаланы аралау – олар үшін бақыт. Естен кетпес ыстық естеліктер, қызықты күндер, таусылмайтын әңгіме. Көңіл көкжиектері кеңейіп, көкіректерде жаңа армандар оянғаны сөзсіз. Ауыл балаларының мың рет естіген әсем Астананы бір рет көруіне себеп болған «ЭКСПО-2017»-ге мен де дән ризамын.

Ләйлә Ноғайбек

ҚР Ұлттық музейі қызметкері

Ұлт порталы