05 жел, 2017 сағат 10:17

ҚР Президенті бизнеске қолайлы жағдай жасаған әкімді марапаттайды

Ертең Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев субұлттық рейтингтің жеңімпазы атанған әкімді марапаттайды. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет инвестициялық ахуал көп жағдайда жергілікті жерлердегі билік органдарының іс-әрекетіне байланысты екендігін түсінеді. Сондықтан да біз ағымдағы жылы субұлттық рейтинг деп аталатын бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлерді бағалаудың жаңа рейтингін енгіздік. Ертең Мемлекет басшысы аталған субұлттық рейтинг аясында бірінші орын алған әкімге жүлде табыстайды», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев инвестиция үшін әлемдік бәсеке артып отырған заманда әрбір инвестор үшін күресу қажеттігін  баса айтты.

«Біз оған дайынбыз. Бүгін Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау саясатынан өзінің таймайтындығын мәлімдейді», - деді Үкімет басшысы.