26 нау, 2020 сағат 13:10

Коронавирустан жазылып шыққан адамдардың есімі жарияланбайды

Коронавирустан жазызылып шыққан азаматтардың бірі Алматыда, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше айтқанымыздай коронавирустан екі адам жазылып шықты. Олардың біреуі Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабары бойынша, кеше осы ақпарат тараған соң БАҚ өкілдері пациенттер туралы сұрап, хабарласқан екен. Сондықтан дәрігерлік құпияны сақтау жөнінде тағы да бір еске саламыз. Ешкім де коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайтын шығар. Сіздер сол адамның орнына өздеріңізді қойып көріңіздер. Олардың барлығы өз азаматтарымыз», - деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, коронавирустан жазылған азаматтар өздеріне қатысты жеке мәліметтерді жария етпеуге құқықтары бар. 

«Біз оны сыйлауымыз керек. Сонымен бірге егер ол адамдар туралы қандай да бір ақпарат тапсаңыздар, ол кісілердің рұқсатынсыз ешкімге бермеулеріңізді сұраймыз», - деді министр.