13 ақп, 2017 сағат 09:50

Конституциялық реформа – Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа кезеңі

Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиында сөз сөйлеген қауымдастықтың төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл баяндамасын назарға ұсынамыз.

Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар!

Биылғы жылдың 25 қаңтарында Мемлекет басшысы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу қажеттілігіне байланысты конституциялық реформа мәселелері жөнінде халыққа арнайы үндеумен қайырылды. 

Жария етілген ұсыныстар бір ай бойы бүкіл еліміз бойынша талқылануда. Өздеріңіз білетіндеріңіздей, осымен төртінші рет Конституцияға түзетулер ұсынылуда. Алғаш рет Ата заңға 1998 жылы, кейін 2007 және 2011 жылдары түзетулер қабылданды. Бірақ бұған дейін ешқашан қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізу процесі дәл осындай жаппай бүкілхалықтық талқылаумен сүйемелденген емес.

Бұл – мемлекеттіліктің дамуының жаңа кезеңін, яғни, халықтың мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы ретіндегі өзінің конституциялық мәртебесін жүзеге асыра бастағандығын паш етеді

Бұл сондай-ақ біздің азаматтық қоғамның кемелдігін де білдіреді.

Өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне қоса, екі іргелі мәселені атап көрсеткім келеді және бұлар туралы бүгін айтылады.

Біріншісі. Конституциялық реформа біздің Тәуелсіздігіміздің мызғымастығын бекіткелі отыр (яғни, Қазақ елі енді ешқашан өзгеге тәуелді елге айналмайды).

Атап айтқанда, Ата заңның 91-ші бабының 2-ші тармағын: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігін, бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды» деп жазу ұсынылуда (яғни, «тәуелсіздікті өзгертуге болмайды» деген норманы қосу ұсынылады). Бұл түзетудің терең, қасиетті мағына-астары бар. 

Тәуелсіздік – ұлтымыздың бес жарым ғасырлық тарихындағы басты жетістігі, халқымыздың басты қазынасы. Әрине, Конституцияда осы норманың жоқтығы біздің Тәуелсіздігімізге қандай да бір ықпал ете алмайды. Бұл басы ашылған, айқын жайт. Біз 25 жылдан бері осы нормасыз өмір сүрдік, ары қарай да азат даму жолымызда дәуірлей береріміз сөзсіз. Бірақ біз жаһанданған әлемде өмір сүрудеміз, ал онда дәстүрлі құндылықтарды қайта қарау үрдісі жүруде. Бұл ретте – көпғасырлық тарихы бар мемлекеттің Тәуелсіздігі – әмбебап әрі абсолютті құндылық болып табылады. Сол себепті де біздің Тәуелсіздігімізді, оның мызғымастығын бекіте түсу өте маңызды. Бұл Ата заңның кіріспесінде жазылған «Қазақстан халқын ортақ тарихи тағдыр бiрiктiргені», «оның еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлгені», «мемлекеттiлiктің байырғы қазақ жерiнде құрылғаны» және біздің «егемендiк құқығымызды негiзге алатынымыз» жөніндегі идеямен ұштасып жатыр. Бұл түзету – мемлекетіміздің конституциялық құрылысының өзгермейтіндігінің басты кепілі.

Екінші. Біздің миссиямызға, Қазақстанның әлемдік аренадағы миссиясына қатысты. Қазақстан – жаһандық бітімгер және қауіпсіздік саласындағы көптеген бастамалардың иесі.

Біз конституциялық реформа процесінде өзіміздің осы миссиямызды Конституцияда растауға, оны нақты нормаларда бекітуге тиіспіз деген сенімдемін.

Елбасы атап өткеніндей, бүгінде әлем көз алдымызда өзгеруде. Біз күн сайын саяси және экономикалық дағдарыстардың, қарулы қақтығыстардың апатты зардаптарының куәсі болудамыз. Халықаралық құқық қағидаттары аяққа тапталып, бұзылуда. Ал өркениетті ұлттар мен халықтардың өзгеріссіз әрі басты қағидаты – бірге бейбіт өмір сүру қағидаты болып табылады. Бұл принципке мен жаппай қырып-жою қаруларын қолданудан бас тартуды қосар едім. Қазақстан Президентінің шешімімен еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, ядролық арсеналдан бас тартты, Семей ядролық полигонын жапты.    

Елбасы сондай-ақ жаһандық ядролық қаруға қарсы бастамалардың авторы болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» антиядролық манифесті БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін иеленді. Онда Мемлекет басшысы атап өткеніндей, «ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керек».

Қолданыстағы Конституцияның 8-ші бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады».

Бұл ретте біз Конституцияның осы бабына Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруларын қолданудан да бас тартатынын бекітуді ұсынамыз. Бұл біздің Тәуелсіздігіміздей ақиқат нәрсе, бірақ еліміздің Ата заңында өзіміздің бейбітсүйгіштігіміз бен бітімгершілігіміздің осы кепілдігін бекітуіміз өте маңызды.

Сонымен бірге, бұл түзетудің Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне кіріскен жылда, яғни республикамыз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты 15 басты мемлекеттің қатарына кірген кезде қабылдануы символдық мәнге ие болар еді.  

 Бұл түзету біздің өзіндік бір Пацифизм актісіне және Қазақстанның бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсаттарына шын берілгендігінің өте маңызды айғағына айналады. 

Ұлт порталы