20 жел, 2019 сағат 15:28

Қоғам белсенділері зорлық көрген 9 жастағы қыздың жағдайы туралы айтты

Ақтөбеге «Не молчи» қоғамдық қоры мен «Ұран» қоғамдық бірлестігінің өкілдері келді. Олар мектепте брифинг өткізіп, зорлық көрген оқушы қызды оңалту жайын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз үйінде зорлық көріп, ауруханаға түскен оқушы қызға көмектесу қажет. Бүгін №17 Ақтөбе қалалық орта мектебінде журналистерді жинаған қоғам белсенділері жапа шеккен оқушыны қорғау, оның өмірге қайта бейімделуі туралы айтты. Отбасымен, оқушымен тілдесу үшін Ақтөбеге Алматыдан психолог арнайы келген.

«Оқушы қыздың мекенжайы туралы ақпарат әлеуметтік желіге тарап кетті. Сол көпқабатты үйдің суреті шыққаннан кейін де 9 жастағы қыздың кім екенін бәрі біліп отырады. Жәбірленуші үшін үлкен соққы болды. Бұл компанияның жарнамасы немесе шоу бизнес өкілдерінің жұмысы өмірі емес. Мұндай оқиғада қыздың, адамның тағдыры басты рөлде болуы шарт. Ақтөбеде зорлық көрген қыз қазір ауруханада. Анасын немесе әкесін «баланы бақылаусыз қалдырды» деп айыптамас үшін біз көмек көрсетеміз. Әкімдік те бәрін бақылауда ұстайды. Уақытша баспана беріп, қолдау білдіруге уәде етті», - деді «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смаилова.

Қазір Ақтөбе облысы бойынша 5 адам Дина Смаиловаға арыз түсірген. Оның екеуі бала, үшеуі әйелге қатысты зорлық-зомбылық.

«Біз зорлық-зомбылық көрген оқушының мектебінде болып, ата-аналармен кездесу өткіздік. Біздің түсінгеніміз – зорлықтың алдын алу керек. Балаларға, ата-аналарға сақтық шарасын жан-жақты айтамыз, қорғану жолдарын үйретеміз», - деді ¤ ¤«Ұран» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Файзолла Қаменов.

Еске салсақ, Ақтөбеде 12 желтоқсан күні мектеп оқушысын зорлап кетті. 21 жастағы күдікті бір аптада ұсталды.