21 ақп, 2020 сағат 18:46

ҚХЛ: «Барыс» «Салават Юлаевтан» басым түсті

Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигаындағы кезекті ойынында Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кету керек, құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі мәресіне жақындап келеді. Енді елордалық клубтың алда екі ойыны қалды. Сондықтан бүгінгі кездесу «Барыстың» елордадағы биылғы соңғы ойыны болмақ.

«Салават Юлаев» та осал қарсылас емес. Уфалық клуб 59 ойыннан кейін 66 ұпай жинап, қазір турнир кестесінде он екінші орында тұр. Ал «Барыс» 59 ойыннан кейін 79 ұпай жинап, алтыншы орында келеді. Командалар плей-офф кезеңіне берілетін жолдамаға қол жеткізіп үлгерді.

Бүгінгі кездесуде ресейлік команда алғаш болып есеп ашты. Алдымен Артём Сергеев 6-минутта «Салават Юлаевты» алға шығарды. Бірінші кезеңде уфалық команда «Барысқа» таразы басын теңестіруге ешқандай мүмкіндік берген жоқ.

Есесіне екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер қарсылас команда қақпашысын қапы қалдырып кетті. Ойынның 28-минутында Никита Михайлис «Салават Юлаев» қақпасынан саңылау тапты.

Үшінші кезеңде Кёртис Валк 45-минутта «Барыс» командасын алға шығарды. Бұдан кейін қос команданың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді. Бүгінгі кездесуде елордалық клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.

Бұдан бұрын «Барыс» елордада «Сибирь» клубынан овертаймда 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.

«Барыс» енді сырт айдында екі ойын өткізеді. Алдымен 24 ақпанда Ресейдің «Адмирал» (Владивосток), 26 ақпанда «Амур» (Хабаровск) командаларымен кездеседі. Содан соң құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңі аяқталып, плей-офф сатысы басталады.