03 қаз, 2018 сағат 15:57

Химия саласында Нобель сыйлығын үш ғалым иеленді

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығы биыл ғалым Фрэнсис Арнольд, Джордж Смит және Грегори Уинтерге берілді. Фрэнсис Арнольд бұл сыйлыққа ферменттер эволюциясы саласында жүргізген зерттеулері, ал Джордж Смит пен Грегори Уинтер пептид пен антиденені зерттегені үшін лайықты деп танылды. Бұл ғалымдардың зерттеулері жасушалар мен микробтардың үш өлшемді кескінін өте жоғары сапада жасауға мүмкіндік береді.

Нобель комитетінің жазуынша, зерттеушілер «эволюция күшін меңгере» алған.

«Бұл ғалымдар эволюцияны бақылауға алып, оны адамзат мүддесіне пайдаланған», - деп атап өтті олар. Комитет хабарламасына сәйкес, «2018 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары ойлап тапқан әдістер қазіргі кезде экологиялық химия өнеркәсібін алға жылжытуда, жаңа материалдарды құруға, тұрақты биоотынды өндіру кезінде, сондай-ақ түрлі аурулармен күресуде қолданылады.

Былтыр бұл сыйлық швейцариялық Жак Дюбош, америкалық Йоаким Франк және британдық Ричард Хендерсонға табысталған. Олар сыйлыққа криоэлектронды микроскопияны зерттегені үшін лайықты деп танылған.

Нобель сыйлығын швед өнертапқышы әрі өнеркәсіпші Альфред Нобель тағайындаған. Бұл сыйлық пен оның бір миллион долларға жуықтайтын ақшалай жүлдесі Альфред Нобель қайтыс болған күн - 10 желтоқсанда табысталады.