15 там, 2019 сағат 06:28

Қазақстандық «Ник Вуйчич» Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстады

Қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әли жеңімпаздарға кубокты табыстау рәсімін УЕФА президенті Александер Чеферинмен бірге өткізді. Финалда «Ливерпуль» өзінің «Челсиді» пенальти қорытындысы бойынша жеңген болатын.

Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбеков «Челси» және «Ливерпуль» футбол командаларының жұлдыздарымен кездесетіні бұған дейін хабарланған болатын.

«Достар, мен УЕФА-ның Суперкубогына шақырту алдым. Онда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының өткен маусымдағы жеңімпаздары - «Ливерпуль» мен «Челси» кездеседі. Қуанышымда шек жоқ», - деп бөліскен еді Әли өз қуанышымен Instagram-дағы парақшасында.

«Ливерпуль» жаңа еуромаусымды ашар матчын «Челсимен» Ыстанбұлда ойнады. Түрік жұртына барып қайтқанша Әлидің парақшасы Мұхаммед Салах, Роберто Фирмино секілді жұлдыздармен, команданың бас бапкері Юрген Клоппен түскен суреттермен толды.

Әли тіпті әйгілі футбол жұлдызы Лионель Мессимен де кездесіп, фотосуретке түскен. Оған дейін Әлиді француздың «Пари-Сен-Жермен» командасының жұлдыздары Киллиан Мбаппе, Эдинсон Кавани мен Неймар шақырған еді.

Ал 2017 жылдың желтоқсан айында Әли өзінің кумирі Ник Вуйчичпен жүздескен болатын.