01 шіл, 2019 сағат 11:53

Қазақстандық футболшы Бельгия командасына ауысты

«Қайрат» командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Ян Вороговский Бельгия командасына ауысты, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Сейдахмет келгенімен, «Қайраттың» ұлттық құрамада доп тебетін бір футболшысы шетел асты. Нақтырақ айтсақ, қорғаушы Ян Вороговский Бельгияның «Беерсхот» клубымен келісімшарт жасасты. 

Еліміздегі талантты футболшылардың бірі саналатын қапталдағы қорғаушы, Алматы футбол мектебінің түлегі Қызылорданың «Қайсар» клубында және «Қайрат» сапында ойнаған. Сондай-ақ, «Сұңқар» және «Ақ Бұлақ» секілді жабылып қалған командалардың да жейдесін киіп көрген.  2016 жылдан бері еліміздің оңтүстік астанасында доп теуіп жүр. Үш жарым жылдың ішінде ол «Қайратпен» бірге Қазақстан кубогын және ел Суперкубогын екі рет жеңіп алды. 

Соңғы жылдары ұлттық құрамаға тұрақты шақырылып жүр.

Ол ауысқан «Беерсхот» клубы Бельгияның 12 дүркін чемпионы, әрі екі мәрте ел кубогында топ жарған. Келесі маусымда Бельгияның жоғары лигасында ойнайды. Биыл екінші лигада ойнап, жоғары лигаға жолдама алды. 

Transfermarkt мәліметі бойынша, «Беерсхотпен» келісімшарт 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған. Әзірге, қаржылық мәліметтер жария етілген жоқ. 

Ян биыл премьер-лигада 12 матч өткізді. 

«Менің Еуропа клубына ауысым – қазақ футболының да әлемде ықпалы бар екенін байқатады. Еліміздің үздік командалары – «Қайрат» пен «Астана» үлкен ресурстарға ие. Қазақстан футболшыларының көбісі осы екі команда сапында ойнағысы келеді. Бірақ мен алдыға қадам жасауды жөн деп таптым. Тек өзімді ғана емес, елімді де таныту үшін осындай шешім қабылдадым», - дейді футболшы.