29 нау, 2020 сағат 11:44

Қазақстандық бенди шебері Норвегия чемпионатының үздік ойыншысы атанды

Қазақстандық Ескендір Нұғманов допты хоккейден Норвегия чемпионатының үздік ойыншысы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орал допты хоккейінің түлегі Е.Нұғманов норвегиялық «Реди» клубының намысын қорғайды. 

Е.Нұғмановтың айтуынша, Норвегияның элиталық сериясында өнер көрсететін «Реди» үшін 2019-2020 жылғы маусым сәтті болды. Бұл елде элиталық топтан басқа тағы екі дивизион бар.

«Өткен жылы маусым алдында Швециядағы Ратвик кубогының финалына шықтық. Содан кейін Осло кубогын ұтып алдық. Чемпионатқа жақсы әзірлікпен келіп, оны да табысты өткіздік. «Реди» клубы барлығы 18 кездесу өткізіп, соның 16-сында жеңіске жетті. Біреуінде тең түсіп, біреуінде ғана есе жіберді», дейді қазақстандық ойыншы.

Осылайша «Реди» алғаш рет элиталық серияның финалына шықты. Бірақ коронавирусқа байланысты біріншілік аяқталмай қалды. 

«Дегенмен маусым қорытындысы бойынша біздің команданы жеңімпаз деп таныды. Оған қоса ойыншылары ең аз айдыннан қуылған команда ретінде «Редиге» fair play сыйлығы табыс етілді. Команда құрамында менен басқа легионерлерден шведтер мен бір фин хоккейшісі ойнайды», дейді Е.Нұғманов.

Маусым барысында 29 гол соғып, 30 нәтижелі пас берген Ескендір Нұғманов Норвегия біріншілігінің үздік ойыншысы атанды.