05 мам, 2017 сағат 16:36

Қазақстандағы Қытай елшілігі Димашты құрмет грамотасымен марапаттады

Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай әнші Димаш Құдайберген елдегі Қытай елшілігінің құрмет грамотасымен марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әншінің Instagram парақшасында жарияланған фотосуретте Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьxуэйдің Димашқа құрмет грамотасын табыстау сәті бейнеленген.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген фанаттарының құрметіне биылғы туған күнін Қытай астанасында атап өтеді. 24 мамыр күні Бейжің қаласында «Тосын сыйға толы туған күн кеші» тақырыбындағы кездесу өтеді. Бұл кездесуде әнші жаңа туындыларын орындап, Қытайда алған әсерлерімен, ойларымен бөліседі.

Қытайдағы «Димаштың әпкелері»(@迪玛希姐姐站_DimashSister)атты фанаттар тобы Андромеда галактикасындағы жұлдыздардың біріне Димаштың атын берді. Олар Американың Name A Star Live жобасы арқылы Андромедадағы бір жұлдызды сатып алып, Димаш Құдайбергеннің атымен жұлдыздар картасына енгізген. Сондай-ақ, бұл жұлдыздың атауын Space Service INC (SSI) тізіміне енгізген. Бұл тізім SSI-дің ғарыштағы мұрағатында мәңгі сақталады.