11 мам, 2018 сағат 09:00

Қазақстанда етті ең көп тұтынатын өңір анықталды

Сараптама порталы Қазақстанның қай өңірінде етті көп тұтынатынын анықтап, сондай-ақ етті қала тұрғындары көп жей ме, әлде ауыл тұрғындары көбірек пайдалана ма деген сұрақтарға жауап берді.

Ranking.kz ақпаратына сүйенсек, өткен жылы әр қазақстандық орташа есеппен 72,9 килограмм ет және ет тағамдарын жеген. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,1%-ға көбірек, ал 2015 жылға қарағанда 0,9%-ға аз.

Қазақстанда ең көп ет жейтіндер Атырау облысында тұрады, онда адам басына шаққанда ет және ет тағамдары мөлшері жылына 85 килограмм, одан кейінгі орында Алматы тұрғындары — 83,5 килограмм және ШҚО — 82,6 килограмм", — деп хабарлайды сараптама порталы.

Оңтүстік өңірдің тұрғындары етті аз жейді екен. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында адам басына шаққанда — 58,2 килограмм, Қызылорда облысында — 65,2 килограмм, ал Ақтөбеде — 67,4 килограмм.

"Қазақстандықтар бәрінен де сиырдың етін көбірек пайдаланады: 2017 жылы – сиыр еті (орта есеппен адам басына шаққанда 23,9 килограмм), содан кейін қой еті — 6,3 килограмм, фарш — 6,1 килограмм", — деп жазады портал.

Сарапшылар атап өткендей, қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда етті көбірек тұтынады: адам басына шаққанда 75,8 килограмм, ауыл тұрғындары үшін бұл көрсеткіш — 69,1.

sputniknews.kz