08 қаң, 2019 сағат 12:18

Қазақстанда 12 мыңнан астам адам түрмеден босап шықты

Қазақстанда 2018 жылы 12 мыңнан астам адам түрмеден босап шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап өтілгендей, Қазақстанда соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіруге бағытталған бірқатар құқықтық норма қабылданды. Мақсат - сотталғандарды ертерек босатуға мүмкіндік беру. 

«2018 жылдың 12 айының ішінде пенитенциарлық жүйе мекемелерінен 12 мыңға жуық адам босатылды. Оның ішінде, екі мыңнан астамында жазаны өтеу мерзімі аяқталған.  Ал қалғаны - мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды, жеңілдетілген жаза түріне ауыстырылды немесе басқа аспектілерге ие болды», - делінген комитеттің хабарламасында.

Бұл ретте, арнайы контингентпен ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Түрмеден босатылған және пробация қызметінде тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 164/3 мекемесі (орташа қауіпсіздік, Петропавл қ, СҚО) басшысының орынбасары Рүстем Рахметовтың айтуынша, былтыр колониядан 317 адам босатылған. Олардың 74-і ғана жаза мерзімінің аяқталуына байланысты еркіндікке шыққан. Қалғаны - мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған немесе жеңілдетілген жаза түріне ауыстырылған.

«Осы санаттағы адамдарды қайта әлеуметтендіру шеңберінде оннан астам адам бейімдеу орталығына орналастырылды. Тағы екеуіне зейнетақы және мүгедектікті алуға қатысты көмек көрсетілді», - дейді Рүстем Рахметов.