02 ақп, 2018 сағат 09:31

Қазақстан мен АҚШ арасында визасыз тәртіп орнауы мүмкін

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол болашақта екі ел арасында визасыз тәртіп болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл туралы ол бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерімен болған кездесуде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«АҚШ-тың виза саясаты негізінен көптеген агенттіктерге, атап айтқанда ел Үкіметіне, Мемлекеттік департаментке қатысты. Біз қазақстандықтардың Америкаға келуін жеңілдетуді қалаймыз. Қазіргі уақытта визаны 10 жылға береміз. Бұрын 5 жыл болатын. Мұнан ары қалай кеңейте алатындығымызды қарастырамыз. АҚШ пен Қазақстан арасында визасыз режим қашан орнайтындығын дөп басып айта алмаймын. Дегенмен, оның болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармаймын. Қазір біз бұл өзекті мәселені сатылай шешіп жатырмыз», - дейді Джордж Крол АҚШ елшілігіндегі журналистермен өткен дөңгелек үстел барысында. 

Мұның алдында Нұрсұлтан Назарбаев Американың президенті Дональд Трампқа Қазақстандағы АҚШ азаматтары үшін енгізілген визасыз тәртіпке қатысты жауап күтетінін айтқан болатын.