26 нау, 2019 сағат 06:32

Қазақстан қалаларында астана атауының өзгеруін қолдаған концерттер өтті

Қазақстан астанасы әкімдігі алаңының алдында ел астанасының атауын "Нұр-сұлтан" деп өзгертуді қолдау концерті өткен. Шараға 800-ге тарта адам жиналған. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

Әкімдік хабарлауынша, жиында сөз сөйлегендер "Қазақстан астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенін қолдайтынын" айтқан.

Осыған ұқсас шаралар тағы бірнеше қалада – Алматы, Шымкент, Семей, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Атырауда өткен. Басылымдардың жазуынша, Қарағандыда өткен жиынға "он мыңға жуық адам қатысқан".

Шарадан хабар таратқан мемлекеттік басылымдар Қазақстан астанасын "Нұр-Сұлтан" деп атауды қолдаған қала тұрғындары мен танымал азаматтардың сөзін келтіреді. Биліктегі "Нұр Отан" партиясы мен жергілікті әкімдік өкілдері Назарбаев саясатын қолдай сөйлеген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурыз, сенбі күні Астана қаласын Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойған болатын.