25 сәу, 2017 сағат 08:21

Қазақ ұлтшылдығы қандай болуы керек?

Қазіргі қазақ арасында кеңінен қолданыста жүрген «ұлтжандылық» деген бір сөз бар. Бұл – ұлтшылдықтың аяғына салынған санадағы темір шідер. Қазақстан саяси тәуелсіздікке жеткенімен, сана тәуелсіздігіне жетпегендіктен, әлгі темір шідердің қашан шіритінін дөп басу айту әсте мүмкін емес. Содан келіп өзін «ұлтжандымын» дейтін ұрпақтың легі үздіксіз толығып жатыр. Қаптаған «ұлтжандылардың» ұлтқа қалай қызмет ететіні де бұлыңғырлау. Өйткені «ұлтжандылықтың» өзі жасанды, мәжбүрлі түрде санаға енгізілген. ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтшылдығы дәуірлеп, Алаш автономиясы құрылды.

Жалпыұлттық деңгейге көтерілген ұлтшылдықты большевиктер билігі қанмен тұншықтырды. Қызылдар қанға бояған қазақ ұлтшылдығы ұлт жанын түршіктірді. Санасын тітіркендірді. Сталинизмнен кейінгі ұрпақ санасында ұлтшылдық қанмен, қырғынмен астасып, сіңісті. Бодан уақытта ол процесс күшейіп, қазақ санасындағы ұлтшылдық түйіршіктері мүлдем азайды. Бұл қазақтың өзін қор, өзгені зор санауына алып келді. Тәуелсіздік жылдары қайта оянған ұлтшылдықтың орнын ұлтжандылық басты. Неге? Себеп – нақақтан атылған қазақ ұлтшылдығына қайта оралуға ұлт санасы шошынады. Әзірейіл көргендей қорқады. Ұлтшылмын десең, жаныңды алатындай, шүйдеңе мылтық тірейтіндей көрінеді де тұрады. Әлі де сол – оқпен астасқан ұлтшылдық. Бірақ өз алдыңа ел болып, басыңа бостандық тигенде өз-өзіңнен тағы безіне алмайсың ғой. Безінбейін десең, санада ұлтшылдық дейтін жазылмаған қанды жара бар, үңірейген түпсіз үрей бар. Тілін, мәдениетін, тарихын менсінбейтін, қағынан жеріген ұрпақтың пайда болуының түбі сонда жатыр. Ұзақ жылдар ұлт санасын билеген үрейдің құшағында туған ұрпақтың бүгінгі жалғасының жартысы ұлтжанды, жартысы жат тілде танымын ашып, сол тіл санасындағы ұлттық бояуларды шайып кеткен бейтаныс буын. Бүгінгі ұлттың ауруы да осы – ұлтжандылар мен бейтаныс буын. Сондықтан да нақты бір ұлт азаматы ретінде ұлттық келбетің айқындалмаса, сенің қоғамдағы, өзге тараптағы ұстаным, көзқарасың да бұлдыр, екіұшты, иілгіш болып келетіні айтпаса да түсінікті бола қалады. Ұлтжандылар мен бейтаныс буынның кінәсі жоқ делік. Бірақ бұл екі қатерлі топтың қатарын көбейтпеудің бір жолы – ұлт санасындағы қанды жараны емдеп, түпсіз үрейге жұтылып кеткен ұлттық сананы буынын буып қалған қорқынышынан арылтуға кешенді әрі ұзақ мерзімді жұмыс істелуі қажет еді. Ол жұмыстың аты – ұлт санасын отарсыздандыру. Өкінішке қарай, ондай жұмыстың нышаны да жоқ. Ал ұлт санасын ұлтжандылар мен бейтаныс буынның ауруы меңдеп барады...

Соңғы уақытта әдеттегі науқаншылдықпен президент Н.Назарбаевтың мақаласында айтылған ұлт туралы сөздерді жұрт қызу талқылап әлек. Сонда бір сөз бар екен – ұлттық код. Заң емес, қаулы емес, тіпті бекітілген бағдарлама да емес, сол мақаладағы әлгі сөзді – ұлттық кодты іздеушілер көбейді. Біздіңше, ұлттық код дегеніміз – ұлтшылдық. Біз сөз еткен ұлт санасындағы аурудың да жалғыз емі – сол. Ал бұл жолы біз сұрау салған алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы болса, «Қазақстанның болашағы қазақ ұлтшылдығының дамуына тікелей байланысты» дейді. Ғалымның сөзі біз айтқан ұлт санасындағы сырқатты жазып, азаматтардың жүрегінде ұлтшылдықты қайта тірілтпесе, ол мемлекеттің болашағын бұлыңғыр етеді деген ойды одан әрі ұштап, тереңдете түсті. 

Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ, алаштанушы ғалым:

– Өткенде қоғам қайраткері, адам құқын қорғаушы Сергей Дуванов «Қазақ ұлтшылдығы қалай болуы керек?» деген мақала жазды. Сол мақаладағы Дувановтың ойымен, негізінен, келісемін. Ол «Қазақстандағы ұлтшылдық ешкімге ешқандай қатер төндірмейді» дейді. Бірақ Қазақстандағы қазіргі ұлтшылдықты орыс баспасөзінде «нацпат» деп мазақ қылады, келеке етіп келемеждейді. Егер бізде әсіреұлтшылдық болған болса, онда басқа ұлттардың жағдайы қиын болар ма еді?! 

ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы, Алаш партиясының жетекшілері, мүшелері – бәрі де ұлтшыл болды. Қазақстанда Совет өкіметі орнағаннан кейін олардың бәрін «буржуазиялық ұлтшылдар» деген желеумен жазалады. Осылайша ұлтшылдықтың тамырына балта шаппақ болды. Алаштың ұлтшылдығында басқа ұлтты, басқа мәдениетті теріске шығару мақсаты болмаған. Олар қазақты мәдени-рухани тұрғыда қайта жаңғыртып, ұлт ретінде қалыптастырып, ұлттық мемлекетін қайта құруды көздеді. Ал Алаш автономиясының жарғысында «қазақ жерінде тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығының құқына кепілдік беріледі» делінген.

Қазақ – мемлекет құрушы ұлт, мемлекетке атын беріп отырған халық болғандықтан, Қазақстан – Қазақ ұлттық мемлекеті. Қазақ халқы өз мәдениетін дамытпаса, Қазақстан дамыған ел бола алмайды. Ал қазақ мәдениетінің дамуына елдегі өзге ұлттар да үлес қосуы керек.
Қазіргі қазақ ұлтшылдарының мақсаты – мемлекетті нығайту, ұлттық мәдениетті дамыту. Ал ұлттық, ұлтшылдық идеясы болмаса, ел ешқашан өркениет биігіне жете алмайды. Қазақстанның болашағы қазақ ұлтшылдығының дамуына тікелей байланысты.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

"Жас Алаш" газеті