30 қар, 2017 сағат 07:34

Қазақ туризмі: Орта Азиядағы еуропалық қала

Келер жылы Астанамыз 20 жасқа толады. Ата тарихтың көзімен қарасақ, қас қағым сәт. Осынау қысқа уақыттың ішінде елордамыз күллі Орта Азияның прогресс ошағына айналды.

Астананың тарихы - тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы. Сарыарқаның сайын төсінен жаңа елорданың ірге тебуіне себепкер болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ел Президентінің Астанаға деген ұдайы назары мен қамқорлығы оны Еуразия кеңістігіндегі серпінді дамып келе жатқан, бәсекеге қабілетті қалаға айналдырды. 

Астанаға қарап бой түзеген 20 жыл Қазақ еліне не берді?

Біріншіден, 20 жыл ішінде Астана халқының саны 3,5 есеге өсіп, бір миллион адамнан асты. Осы кезең ішінде елорданың аумағы 258-ден 800 шаршы шақырымға дейін кеңейді. Кешегі аядай ғана шаһар бүгінде алпауыт мегаполиске айналған.

Екіншіден, бүгінгі елорда – Орта Азия кеңістігіндегі барлық оң бастамалар мен өзгерістердің ту ұстары. Астана ел дамуына серпін берді. Республиканың барлық өңірі үшін тартылу орталығы да осы елорда.

Үшіншіден, Астана - еліміздің жаңа мәдени және туристік орталығы. Елордада әлемдік деңгейдегі мәдениет мекемелері, концерттік залдар, сарайлар, мұражайлар, театрлар, кітапханалар, цирк, кинотеатрлар, жекеменшік көркемсурет галереялары, мәдениет және демалыс саябақтары жұмыс істей бастады. Соның ішінде: "Астана-Опера" мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және Келісім сарайы, "Қазақстан" орталық концерт залы бар. Бұларды кез келген шетелдік мейманға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұялмай көрсетуге мүмкіндік бар.

Төртіншіден, елорда инновациялар мен білімнің халықаралық орталығы болуға ұмтылуда. Халықаралық деңгейдегі университеттер, зияткерлік мектептер жүйесі құрылды. Астанада 2010 жылдан бастап Назарбаев университеті табысты жұмыс істеуде. Ол білім-ғылымды инновациялармен интеграцияға түсірумен айналысады. Назарбаев университеті ел көшбасшыларының жаңа буынын ғылым, технологиялар, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік басқару мен білім беру салаларында оқытуды мақсат тұтқан.

Бесіншіден, Астана өзін халықаралық деңгейде Бейбітшілік және келісім қаласы ретінде танытты. Қазақстанның елордасында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастығы ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенімділік шаралары жөніндегі кеңестің маңызды іс-шаралары өтеді. Биыл жер-жаһанның ең ыстық нүктесіне айналған Сирия мәселесі де Астана төрінде бірнеше рет талқыға түсіп, бітіспес қарсыластарға айналған тараптар бір үстелдің басында сұхбат құрды.

Алтыншыдан, Астана – халықаралық туризм үшін тартымды орталық. «ЭКСПО-2017» көрмесі Астананы «Орта Азиядағы еуропалық қала» атандырды. Күллі әлемнің назарын Ұлы далаға аударып, Астананы тоқсан күн бойы тотыдай тарандырып ЭКСПО өтті. Ең әуелі бұл көрме ішкі туризмнің бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуына түрткі болды. Тым құрығанда бір адамы ЭКСПО-ға бармаған әулет жоқ шығар елімізде. Көрме қалашығына еңкейген қарттан еңкейген балаға дейін бас сұқты. Астана төріне әлемнің әр түкпірінен түрлі өркениеттердің ең озық үлгілері, туристік мәдениеттің шынайы рухы көшіп келді. Ал ол рухты қазақ даласының бұрыш-бұрышынан ағылған отандастарымыз өздерінің даңғыл кеудесіне сыйғызып, болмыс-бітіміне сіңіріп әкетті. Бұл ЭКСПО-ның қолмен нұсқап, көзбен көрсетуге келмейтін сансыз пайдалы әсерлерінің бірі ғана.

Ал нақты көрсеткіштерге жүгінер болсақ, үш айдың ішінде көрме қалашығына төрт миллионға жуық адам бас сұғыпты. Жалпы, бұл жазда Астана қаласына 5,4 миллион мейман аяқ басқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 миллион адамға артық. Көрме өткен үш айда әлемнің 178 мемлекетінен ағылған туристер легі еш толастамады. Қалашық аумағында кезең-кезеңмен 4500 талапты жастың ерікті ретінде ақысыз қызмет етуі жас буынның патриоттық ұстанымдардан алшақ кетпей, отаншыл рухта өсіп келе жатқанын тағы бір көрсетті. Шаңырақ құру қуанышын Астанадағы айтулы оқиғамен байланыстырғысы келген 88 жас жұп некесін бас қалада қиғызыпты. ЭКСПО еліміздің атын әлемге әйгілеп қана қоймай, әр қазақстандықтың өміріне өзгеріс, көңіліне мақтаныш сыйлады.

Ірі кәсіпорындарды есептемегеннің өзінде, бұл көрме шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіртті. Қалашық құрылысына ғана еліміздің 1400 шағын және орта кәсіпорны атсалысқан. Астанаға ЭКСПО келеді деген ақпарат пайда болған сәттен бері елордада 640 млрд. теңгенің тауары сатылып, қызметі көрсетілген екен. Көрме құрылысы басталғалы қаладағы салық түсімі он есеге артып, шағын кәсіпорындар саны он пайызға ұлғайған.

Кез келген оң өзгерістің елеусіз қалмайтыны белгілі. Астананың ажарына, ондағы татулықтың базарына, көрменің биік деңгейде ұйымдастырылғанына әлемнің аузы дуалы ақпарат құралдары бірден елең етті. Әйгілі «National Geografic» Қазақ елінің астанасын болашақтың қаласына балауы тегін болмаса керек. Ал «Нью–Йорк Таймс» басылымы көрме басталмай жатып-ақ, Астананы барып көруге тұрарлық қалалар тізіміне қосты. 

-ЭХРО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуеттерін көрсетуге тамаша мүмкіндік туғызды. Мұнда жаңартылған энергия саласындағы 140-тан астам ғылыми жаңалық қойылды, - деді көрменің жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы үш ай аралығында Астанадағы туристік қызметке деген сұраныс 78 пайызға ұлғайған. Соның нәтижесінде жаңа нысандар бой көтеріп, сервистік бизнестің тасы өрге домалап отыр. ЭКСПО әсерінен қаланың ең көрікті орындарында 47 жаңа мейрамхана ашылыпты. Ал көрмені көруге асыққан қарақұрым халықты жатар орынмен қамту үшін 50 жаңа хостел мен 30 жаңа қонақүй салынған. Астананың іргесінен ашылған этноауыл әсіресе, шетелдік туристердің сүйікті орындарына айналғанын БАҚ жарыса жазды. Қазақтың мәдениетін, қолөнерін, көшпелі өркениеттің теңдессіз туындыларын бүкіл әлем таныды. Көрме кезінде бір Астананың өзінде ғана 300 миллион теңгенің кәдесыйы сатылуы осыған айғақ. Көрмеге келген төрт миллион адамның жарты миллионы шетелдік туристер болған. Олардың көбі Астанамен шектелмей, Бурабай мен Баянауылға, Алтай мен Алатауға аяқ басқанын да көрдік. ЭКСПО қарсаңында Астанада 5000 жаңа жұмыс орны пайда болған екен. Әуе компаниялары да биылғы жазда шаш етектен пайдаға кенелді. Ел ішіндегі әуе рейстері 78 пайызға, халықаралық рейстер 30 пайызға артқан. Елдегі туристік операторлар мен қонақүй және мейрамхана бизнесінің өкілдері «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясына көрменің мерзімін соза түсу туралы ашық хат жолдауы да көп жайтты аңғартса керек.

«ЭКСПО-2017» көрмесіне Еуропа елдерінен келген меймандардың басым бөлігін Германия азаматтары құраса, Орталық Азия өңірінен – Қытай тұрғындары болды. Сондай-ақ Астана - Ресейлік туристердің ТМД бойынша ең көп тамашалаған қаласы атанды.

Бұл ЭКСПО-ның біз назар аударған бір ғана маңызды әсері. Оның ең негізгі пайдасын көру бақыты болашақ ұрпақтың еншісіне жазылса керек. Ал біз сол жарқын болашақты жақындатқан кезеңде өмір сүргеніміз үшін, соған атсалысқанымыз үшін тәуелсіздік атты құдіретке бас июіміз қажет. ЭКСПО қазақты әлемге, әлемді қазаққа танытты. Бұл - көрменің ең үлкен жетістігі. 

Осы жетістіктерді ескере отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 20 жылдығын тойлау туралы өкімге қол қойған болатын. Бұл тек бас қаланың, сондағы бір миллион халықтың ғана тойы емес. Астананың мерейтойы – тәуелсіз еліміздің тойы.

Есімжан Нақтыбайұлы