07 қар, 2017 сағат 19:32

Кәрістердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл толды


Кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғандарғанына 80 жыл толуына орай Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы Ақтөбе филиалының ұйымдастыруымен, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен іс-шара ұйымдастырылды.

Ақтөбе облыс әкімі атынан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Барбосынов Нұрбақыт Құсайынұлы құттықтау сөзімен жиынды ашты.

«Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған 1,5 млн этностардың құрамында корей диаспорасы да болды. Олардың 1165-і қазіргі Хромтау және Әйтеке би аудандарының аумағына жер аударылды. Төзімділік пен бірліктің арқасында сіздер қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге жеңе алдыңыздар. Бүгінгі таңда корей этносы аймақтың ажырамас бөлігі болып табылады, оның өкілдері Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және ғылыми салаларына баға жетпес үлес қосуда» - деді ол өз сөзінде.

Сол ауыр және қайғылы оқиғалардың куәгерлеріне, ардагерлерге құрмет көрсетіп, бағалы сыйлықтармен марапаттаудан бастаған Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы Ақтөбе филиалының төрағасы  Цхай Константин Валентинович сөзін:  «Қазақ халқы сол жылдардағы барлық қиындықтарға қарамастан, көптеген  қоныс аударушыларға қамқорлық көрсетіп, ерлік жасады. Қазақтардың ұлылығын және қайырымдылығын өз отанын қазақ жерінен тапқан барлық халықтар мойындады» - деген алғыспен жалғастырды.

Арнайы Ақтөбе корей диаспорасын құттықтауға жерлесіміз, 90-жылдары біздің корейлер ансамблінде шығармашылық мансабын бастаған, Корей мемлекеттік академиялық театрының солисі, халықаралық жарыстардың лауреаты Ангелина Югай келді.

Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына орай кәріс қауымдастығы мерекелік концерт ұйымдастырды.

Айта кетсек, 1937 жылдары 100 мыңдай Қиыр Шығыс кәрістері еліміздің әр аймағына күштеп жер аударылған болатын. Бүгінде елімізде 100 мыңнан астам корей диаспорасы өмір сүруде. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 9 мыңнан астам корей этносының өкілдері тұрады. Өңірімізде корей этномәдени бірлестігі 1989 жылы құрылып, 1997 жылы «Қазақстан корейлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ретінде қайта тіркеуден өтті. Этномәдени бірлестік жанынан ардагерлер алқасы мен жастар қанаты, жексенбілік мектеп, «Маранбон» фольклорлық ансамблі және Кентау қаласы мен Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби аудандарында филиалдары жұмыс істейді. Бұл бірлестік ел бірлігін бекемдеу, тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылған кешенді іс-шаралардың жанынан табылып келеді.