27 қыр, 2018 сағат 11:47

Қаражал қаласы мен жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта құру керек

27 қыркүйек күні өткен Сенат отырысында депутат Рысқали ӘБДІКЕРОВ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. 

Қазақстан Республикасының 

Премьер-Министрі

       Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Қойнауы кенге толы, әкімшілік-аумақтық иелігінде Жәйрем кенті бар, 18 358 адамды құрайтын Қаражал қаласы Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 370 шақырым жерде орналасқан.

Бұл өңірдің экономикалық мүмкіндіктері және болашағы өте зор. Тек соңғы 2 жылда ғана қалаға 42 млрд. теңге инвестиция  тартылған.

Алайда, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде 70-ші жылдары шойыннан жасалған кәріз желілері бүгінгі таңда коррозияға ұшырап, істен шығуда. Өз кезегінде, бұл жағдай  су тарту желілерінде аса апатты жағдайлар тудыруда. 

Қазіргі таңда, осы аймақтарда халықтың орталықтандырылған кәріз су тарту жүйесіне қолжетімділік көрсеткіші 28 процентті ғана құрап отыр.

Аталған мәселені шешу мақсатында 2016 жылы кәріз желілерін реконструкциялаудың 2-кезектегі жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.

Жәйрем кентінің кәріз су жүйелерін реконструкциялау жобасын іске асыру  үшін  қажетті  қаржыландыру  888 млн. теңгені  құраса,  ал  Қаражал қаласы кәріз су жүйелері құрылысының сметалық құны 618 млн. теңгені құрайды.

Бұл жобаларды іске асыру кәріз су тарту желілеріндегі апаттарды толық  жоюға, 80 процентке  дейін  орталықтандырылған  кәріз  су  тарту желілеріне қол жеткізуге, сондай-ақ үздіксіз әрі сапалы кәріз су тарту жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Осы айтылған мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта құру 2-кезектегі жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті қаржы бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Р. ӘБДІКЕРОВ

С. ЕРШОВ