24 мам, 2020 сағат 19:27

Қарашығанақ кенішінде карантин жарияланды

Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны аумағында карантин жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 23 мамырдағы қаулысына сәйкес «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы аумағында 5 маусымға дейін карантин режимі енгізілді.

Кеніш аумағында жұмыс істейтін қызметкерлер мен өндірістік қызметке тартылған, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, жанар-жағар май және басқа қажетті материалдарды тасымалдайтын көлік құралдарын қоспағанда, көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды.

Барлық көлік құралдарында ілеспе құжаттары болуы, санитарлық өңдеуден өтіп, тіркелуі тиіс.

Түнгі ауысымда жұмыс істейтіндерді, оларды тасымалдайтындарды, әкімдік, құқық қорғау органдары, жедел жәрдем, санитарлық-эпидемиологиялық, өрт сөндіру, апаттық және басқа өмірлік қамтамасыз ету нысандары қызметкерлерін қоспағанда, адамдардың вахталық қалашықтардың ішінде, олардың арасында кешкі сағат 19.00-ден таңғы 07.00-ге дейін жүріп-тұруына тыйым салынды.

Кенішке жаңадан келетін еңбек мигранттары оқшаулану талаптарын сақтай отырып, өзге қызметкерлерден бөлек орналасатын болады.

Бөрлі ауданы әкімдігі провизорлық және карантиндік стационарлар қызметін, оған жатқызылатын адамдарды тасымалдауды қамтамасыз етіп, барлық вахталық қалашықта түсінік жұмыстарын жүргізеді, шектеу шараларын бұзушылық орын алған жағдайда өз құзыреті шегінде шара алады.

Сондай-ақ кеніш аумағында санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, барлық тазалық және сақтық шаралары қолға алынады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында балабақшалардың қызметі қайта тоқтатылғанын, үш адамның жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.