16 нау, 2018 сағат 08:18

Баланың анасын бірнеше күннен бері таба алмай жатырмыз - Балиева

Бүгін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге арнап брифинг өткізді. Осы пресс-конференция барысында омбудсмен 7 жасар баланың қазіргі жағдайы туралы толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бала қазір сабақта. Қасында қазір әжесі және тәтесі бар. Қауіпсіздік жағдайын жасадық, қарны тоқ. Жағдайы жақсы. Мектепке барып жүр. Қазір барып біліп келдік», - дейді Зағипа Балиева.

Бұдан кейін омбудсмен Алматы қаласында жүргізілуі тиіс болған экспертизаға не себепті тыйым салғанын түсіндірді.

«Сіздің қандай экспертиза туралы айтып жатқаныңызды түсінбедім. Алматыда ешқандай экспертиза жасалған жоқ. Анасы туралы айтар болсам. Бірнеше күннен бері біз оны өзіміз таба алмай жатырмыз. Тәтесіне баланың анасына қарай бағыттауға тырыстық. Қажет деп тапсаңыздар, қазір бірнеше адам әпкесіне барып сөйлесе алады. Баланы да, әпкесін де көріңіздер. Қазір баланың жағдайы жақсы. Бірінші кезекте баланы ойлайықшы. Сіздер ересек адамсыздар. Бұл сараптаманың бала үшін қаншалықты қиын екенін біліп тұрған шығарсыздар. Мен қандай жағдай болмасын, бірінші орынға баланың денсаулығын қоямын», - деді Зағипа Балиева.

Бұған дейін қазақстандық қоғам белсенділері мен еріктелер жиналып, жеті жасар баланы Алматыға апарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұйымдастырды. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы адвокат келіп, жәбірленушіні қорғауына алды. Осылайша 14 наурыз күні кешкісін сағат 20:17-де жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесі, ресми өкілі – төртеуі Шымкент теміржол вокзалынан Алматыға пойызбен жүруі тиіс болатын. Бірақ сағат 20:00 шамасында баланың әпкесі мен ресми өкілі журналистерге хабарласып, оларды пойызға мінгізбей, ұстап қалып, бір топ полицейдің ОҚО ішкі істер департаментіне күштеп әкетіп бара жатқанын хабарлады.

Содан кейін ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратында ұсталып отырған жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесіне оның ресми өкілі Дінмұхаммед Артықов пен қорғаушысы Бауыржан Азанов кіргізілді. Іштен шыққан ресми өкіл баланың Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілгелі жатқанын хабарлады.

Сағат түнгі он жарымдар шамасында жеті жасар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты.

Ресми хабарламада «Шымкент темір жол вокзалында баланың әжесімен әңгіме жүргізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қорғауға алу құқығы бойынша тергеуші қаулысының қажеттілігі туралы түсіндірілді. Содан кейін баланың әжесі мемлекет тарапынан берілетін қорғауды пайдалану құқығын қолдану туралы шешім қабылдады», - деп жазылған.

Ізінше ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова баланың «кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін мәлімдеді».

Жәбірленушілердің ресми өкілі Құрманғазы Мүсір кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына барып, баланың онда жоқ екенін хабарлады.

«Баланың әпкесімен сөйлестім. Оларды бізден жасырып ұстап отыр. Сол факт бойынша енді полицейлерге барып, бізден оларды алып кетіп, жасырғаны үшін арыз өткіземіз», - деді Құрманғазы Мүсір.

Бала құқығы жөніндегі Зағипа Балиева баланың және оның жанындағы әжесі мен әпкесінің психологпен бірге жалдамалы пәтерге орналастырылғанын айтты.

Еске салсақ, 12 наурыз күні қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған» деген ақпар тарады. Жеті жасар баланың әжесі бұл туралы аудандық ішкі істер органдарына хабарланғанын, бірақ тергеу шараларының жеткілікті жүргізілмей келе жатқанын айтты.

Содан кейін кешкісін ОҚО Ішкі істер департаменті «Сарыағаш ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған 7 жасар балаға қатысты мектеп оқушыларының оны ұрғаны және зорлағаны жөніндегі дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен Сарыағаш аудандық ІІБ ПБ қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық істің тергеуіне қатысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жарияланбайды. Істің тергелуі ОҚО ІІД басшылығының жеке бақылауында», - деп хабар таратты.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды.

«Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Бұл оқиға Қазақстан қоғамында үлкен дау туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.

Сондай-ақ, Зағипа Балиева 15 наурыз күні сарыағаштық баланы әжесі және әпкесімен бірге Астанаға алып келді. Осыдан кейін 7 жасар баланың әжесі видео үндеу жолдап, көмек қолын созған жандарға алғыс білдірді.