14 мау, 2018 сағат 08:30

Иосиф Бродский. Дүние ғапыл (аударма)


Сөз басы

"Нет человека, который был бы как Остров, сам по себе, каждый человек есть часть Материка, часть Суши; и если волной снесёт в море береговой Утёс, меньше станет Европа, и так же, если смоет край мыса или разрушит Замок твой или друга твоего; смерть каждого Человека умаляет и меня, ибо я един со всем Человечеством, а потому не спрашивай, по ком звонит колокол: он звонит по Тебе".

Әйгілі Хемингуэйдің "По ком звонит колокол" романы дәл осы эпиграфпен басталады. Әлдеқашан даналық сөзге айналып үлгерген бұл қасиетті жолдар – өзі өмір сүрген дәуірден һәм замандастарынан жазу және ойлау тұрғысынан екі ғасыр ілгері озған ағылшынның жаңашыл ақындарының бірі, Лондондағы Әулие Павел соборының аға попы, яғни игумені болған Джон Донның 1623 жылы жарық көрген «Обращение к Господу…» жинағындағы «Молитвы по возникающим поводам»: Размышление XVII (Devotions upon Emergent Occasions, Meditation XVII) діни өсиетнамасынан үзінді.

Әдетте, аудармашы – өзі аударған автордың қарсыласы яки бәсекелесі деп жатады. Осы тұрғыдан алғанда, мен Иосиф Бродскийдің ежеттес серігі, белгілі бір тұрғыда шәкірті де болдым деп есептеймін. Оның өзі де 1981 жылы Лондон шәрінде орыстың белгілі ақыны, журналист-жазушы Игорь Померанцевке берген сұхбатында Джон Донн арасындағы айнымас достыққа, ыстық сезімге қатысты дәл осындай контексттегі ой айтады. Тарих таспасында «Иосиф Бродский о Джоне Донне» тақырыбымен сақталған аталмыш сұхбат бүгінгі күні де өзекті екені анық. Өйткені онда ақыл тоқтатқан Бродскийдің жас Иосифтің дүниетанымы мен ой әлеміне деген көзқарасы, Джон Донның Ұлы ақын ретіндегі (әдебиет тарихындағы ойшыл ақындармен бәсекелес болған антогонист кейіпкер емес), әлем әдебиетіндегі айтулы құбылыс, дінтанушы және бастысы Адам ретіндегі бейнесіне деген терең пайымы айқындалады.

Асылық айтқанымыз болмас, Бродскийдің ақын санатындағы алғашқы көлемді де кесек дүниелерінің бірі осы өлең еді. Элегия алғаш рет «Остановка в пустыне» жинағында жарияланған. Өлеңнің соңында берілген датаға сенсек, ол 1963 жылы 7 наурызда ақынның жиырма үш жастағы шағында жазылған. Әрине, бойдағы қаны құйын-перен адағайлап, күндіз-түні солқылдақ фаэтонмен Петербургтің мұңлы да масаң көшелерін кезген жас та аңғал жігіт айдаһар ауыздықтаған советтік жүйенің қаһарлы мінезі тарқамаған тұсында, қалың жұртшылыққа белгісіз Джон Доннды қайдан танып үлгерді деп таң қаларсыз. Хэм ақсақалдың кітабынан. Иә, сондағы бір-ақ сөйлем Бродскийдің дүниеге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, шығармашылық әлемінің астаң-кестеңін шығарған. Джон Донн планетасына ғашық қылған.

Тиісінше, кейінгі уақытқа тура келген ағылшын ақынымен арадағы екінші таныстық әм мәңгілік достық жас дарынның ұлы қаламгер болып қалыптасуына шарапатын тигізіп, біз білмейтін құпия әлемдердің қақпасын ашқан. Міне, мен де “өз ақынымның” осы бір терең ойлы, мың қатпарлы, кең тынысты шығармасын қал-қадерімше аударып, құрметті де ғизатлы оқырман назарына ұсынғанды жөн санадым. Ал, бұл өлең турасындағы әңгімелер көпшілікке әлі де құпия күйінде қала бермек. Дегенмен ол құпиялардың жауабы да көп кешікпей хатқа түсер. Сәл шыдасақ болғаны...

Айбол Исламғали 


Дүние ғапыл

Джон Донн қалың ұйқы құшағында, 
Айнала да көз ілді құса-мұңда. 
Қабырға, еден, төсек, сурет, үстел – 
Жамылып жатыр бәрі көне түспен. 
Суырма, бюффэ, майшам, ілмек, перде: 
Қиялын түртті олардың түн кеп төрге. 
Бөтелке, кесе, леген, пышақ пен нан – 
Қалғыды ризық пен нысап бейғам. 
Хрусталь, фарфор, фаянс, көйлек-көншек 
желді құс қып ойнайды, айды – әткеншек. 
Баспалдақ, жиһаз, сағат, терезе, есік: 
құс жолына жұтылды желе көшіп. 
Түннің жетім елесі кезді әлемді, 
Жан қалғыды алдымен, сөз бөгелді. 
Талықсыған түнектің ындыны ыршып, 
қағаз, үстел, 
бұрыш пен бөзге де енді. 
Шымшуыр, отын, көмір, өшкен ошақ – 
Күлге айналды, көрсетіп кешке ғиззат. 
Жамау камзол, 
жантайды-ау кебіс, шұлық 
кереуеттің кеудесін бөліс қылып. 
Көлеңке басын сүйеп айна артына, 
Орындықтың бетінде ой қалқыған. 
Икон, леген, сыпырғыш, қара штиблет, 
Сынық нұрдың сазымен жарасты кеп. 
Айқыш ағаш бетінде Иса Мәсіх – 
Сайтан сауық құрады, 
ес адасып. 
Үрей мүңкіп бөлме іші, зар қосылған. 
Ғалам мүлгіп, Гемера дарға асылған. 
Жалғызбасты үкінің басын сипап, 
Түн әмірін жүргізді молдасынған, 
Түн әмірін жүргізді молдасынған. 

Қара сәлдеге оранған терезе: 
Қара сәлде – ұйқы мен түн. 
Қар мүлгіді 
көрші үй шатырындағы құламаны еске ап. 
Терезе жақтауы өлімші ғып тілгілеген 
көше жым-жырт алайда. 
Бөрене, гүлзар, 
жұмыртастар мен темір торлар ұйқыда. 
Шырақ жанбас бұл түні, 
үні шықпас көліктің... 
Қоршаулар мен шынжырлар, 
сандықтар мен есіктер, 
Әшекейлі жүзік пен 
күрек, ілмек, қаламдар – 
Бәрінің де басына азалы әуен төніп тұр. 
Сыбдыр, 
дүбір, 
гуіл де 
дүрліктірмес маңайды. 
Сықырлайды қар баяу. 
Таң атқанша түн ұзақ. 

Өңі қашқан түрмелер мен қамалдар 
Буаз бұлттардың қарынын сүйеп тұр қошқыл. 
Балық дүкеніндегі таразы, 
көшедегі доңыз еті, 
күйелеш аулалар да тыныштыққа мұң қосты. 
Шибөрідей шабалаған иттер, 
жертөледегі мысықтар, 
мазасыз тышқандар мен адамдардың да көзін 
түн басты. 
Лондон қалың ұйқыда. 
Теңіз айлағындағы желкенді кеме де, 
маужыраған аспанмен астасқан мұзды су да 
алып темірді құшаққа ап қалқиды. 

Джон Донн қалың ұйқы құшағында... 
Маңдайына Ай қонған 
көбікауыз теңіз де, 
оның ерніне тәнін сүйгізген ақ жағалау да, 
мынау мылқау арал да – 
бәрі де бәрі 
ауыр түстің тұсауында. 
Бақтардағы бүтін қақпаның аузына құлып түскен, 
Үйеңкі, қарағай, қызылқайың, самырсын – 
шыршалар да 
Тербелмейді бұл түні Ұлық күшпен. 
Тау бөктері, 
екіленіп аққан бұлақ, 
жалғыз аяқ соқпақтар да 
Стоунхендж тастарындай үнсіз. 
Апандарын омбы қар басқан түлкі менен қасқыр 
әлдеқашан төсегіне жантайған аюдай мұңсыз. 
Қанатты достың сазы жетпейді құлаққа. 
Қарғаның қарқылы әм үкінің күлкісі де 
Кәрі кеңістікке сіңген: 
Ағылшын алқабы жансыз. 
Жарық жұлдыздың қуаты дарыған 
беймаза тышқан да 
ар сотының алдында ақталуға асық. 
Табыт ішіндегі мүрделер 
мәңгілік тыныштықта қалғиды. 
Тірілердің де, о, солай, 
жейдесінен ұйқы жұпары аңқиды 
кеуделерінде жалғыздық жасып. 
Өзен-көлдер, 
таулар мен ормандар, 
жануарлар мен құстар, 
өлілер мен тірілер әлемі 
ұйқыға батты. 
Қар жауады қалбалақтап 
түнгі аспанның хаттарындай 
деміне қондырып ап осы шақты. 
Ғайып мекеннің тұрғындары да шырт ұйқыда, 
Періштелер құтқармас жан баласын. 
Жер-Жаһанның үрейі 
Киелі Рухтың алдында күнәһар болған 
әулиелер түсінде өртенді. 
Жұмақ пен тозақтың бетін 
торғын шәлі көмкерді. 
Дәл осы сәт 
тірі пенде шыға алмас үй сыртына. 
Құдай ұйқыға батты. 
Тіршілік жат, жат әлем. 
Құлақ – керең, көз – соқыр. 
Ібіліс те айналғандай мүсінге. 
Қастық қалды қар астында 
ағылшын даласын жайлаған Зарға тұншығып. 
Тәңір елшісі мен салт атты жауынгер 
қасірет сауады сырнайдың тілінен. 
...Херувимдер де 
Павел шіркеуі күмбезінің етегінде 
қанат жайып, тыншыды. 

Джон Донн қалың ұйқы құшағында... 
Әуезі мен ырғағынан жаңылмаған 
қасиетті жазбалар мен өлеңдер, 
образдар мен ұйқастар 
қайғы-күнә, дерт пен кесел булыққан 
жұмбақ кітап ішінде тұншықты 
ғапыл. 
Батыр да жоқ, ез де жоқ. 
Болмашы дауға нәумез болған кейіпте 
бірін-бірі жан ұшыра итерген 
әр өлең 
қарындастай туыс, 
қарға достай жақын. 
Олар – 
қаншалық жұмақ қақпасынан алыс, 
қарабайыр, күңгірт һәм пәк болса, 
соншалық қуатты. 
Қағазға қаз-қатар түскен 
өлеңнің әр тармағы да, 
Мұқият құралған ямбтер мен 
қос қапталдың ұйқысын күзеткен хорейлер де 
түс көреді көктеммен 
Аид патшалығындағы суларға сүңгіп. 
Даңқ пен дақпырт, 
қасірет пен бейнет 
ойға батты күңгірт. 
Ұят пен обыр, 
Зұлымдық пен игілік 
бір жастыққа жантайған. 
Пайғамбарлар да уақыт қамауында 
іңір әлетінде қартайған. 
Қар түсер тағы, мол түсер әлі 
қонатын жазық таба алмай... 
Шындық өлді 
антологиялар мен 
шексіздікке жұтылған сөздердің қаңқасында – 
шынжырлар да үзілген 
өң мен түстің ортасында. 
Дүние жатыр сұлық: 
Әулилер, ібіліс пен Құдай, 
олардың ұрпағы, 
достары мен ашкөз жалшылары да 
Оянғанын күтеді адамзаттың. 
Қар ғана баяу сықырлайды 
Тыныштықтың дауысын тіліп. 

Тоқтай тұр! 
Түнек ішінен 
Үнсіз өксіген әлдекімнің дауысы естіледі еміс, 
Залым қыстың құрсауында қалған жан 
тар қапаста тұншықты несін? 
Тас кеудені тесіп өтер инедей 
тым нәзік үн 
Зәу көкте сурет салады ақ ұлпа қардың ұшымен 
Таң мен түннің арасын кестелеп. 
«Сен бе өксіген төбемде, ақ қанатты періштем, 
Жаз аңсаған мамырдай келерімді күттің бе 
қарға бөгіп жанарың? 
Сен бе, менің қорғаушым, 
Жанұшыра ақырған түн-түнектің ішінен?» 
-- Ой қармаған үнсіздік. 
«Сендер ме әлде, бейкүнә херувимдер? – 
Азалы хор әуені жанарға жас толтырды. 
Шырағы өшкен шіркеуге кімдер пана болады?». 
-- Бойды арбаған үнсіздік. 
«Соқыр Павел, сен бе әлде, самай шашы ағарған? – 
Зілдей сөзің кеудемді жаншып өтіп барады». 
-- Үміт оты өшер ме?! 
«Қараңғылық сен бе едің, тығылыспақ ойнаған?». 
«Тәңір Ием, сен бе әлде, қоңыр даусы қарлыққан?». 
-- Сауалы көп, жауабы жоқ үнсіздік. 
«Әз Гавриил, сен бе едің, 
Сырнайының үнінен қара қаншық ұлыған? 
Көзімді ашсам: 
Тірі жанды ұйқысынан оятпай 
Жауынгерлер атқа қонып қан жұтқан, 
Тазылар да ұйтқып жетер аспаннан. 
Қар көбесін сөгердей қайғырдың ба, Гавриил?». 

«Жоқ. 
Бұл – менмін, 
сенің жаның, Джон Донн. 
Көк ішінде құлазыдым 
Шынжырдайын ап-ауыр 
сезімдер мен ойларды 
жаратқаным үшін де. 
Дәл осындай азаппен 
Құштарлық пен құлқынның 
батпан жүгін көтеріп, 
Сен де кеше, еңселім, 
самғай алар едің ғой. 
Қырандайын қалықтап, 
шатырлардың үстінен 
өз жұртыңның қоңырқай 
тұрмыс-салтын көргенсің. 
Теңізді де көргенсің, 
алыс-алыс белдерді. 
Тозақты да кештің сен, 
қиял-есің шалықтап. 
Жұмақта да болғансың 
қасіретті күй кешіп. 
Өмірді де сүргенсің 
ішіңдегі жалқы әлеммен үйлесіп. 
Мұхитқа да кезіктің 
Түн мен түске оранып. 
Тәңірді де таныдың: 
Аласұрдың, 
Басылдың. 
Мұның бәрі Көкке қайта жібермес, - 
Ол жақтағы Жаратқанның сотынан 
Мұнарасын от шарпып, 
Қан боп аққан өзені 
жердегі өмір тым сүркейлі, 
тым ауыр. 
...Көнбіс шаһар көңілсіздік жайлаған 
Бұл Жалғанға қарайды – 
Жарлы қыздың түсіндей. 
Құдай Нұр боп көрінеді сол маңнан 
Тұманды түн шеткі үйдің 
Терезесінен төгілген... 
...Дала болар соқа тісі тимеген, 
Жылдар жыртып бөлмеген, 
Ғасыр жұтып көрмеген. 
Қалың орман қоршаған меңіреу жон, құла түз, 
Жалғыз тамшы билейді көк шалғынның бетінде. 
Сол орманға бір күні 
Кезбе отыншы тап келіп, 
Үрей басқан жанарын 
Қасабалы биесі 
Тұңғыш болып бас сұқса, 
Иесінің алқабы отқа оранар әп сәтте. 
...Бүтін ендік тым шалғай мынау жұмбақ әлемнен. 
Қарауытып көрінер темір шатыр көгерген. 
Ит үргені естілмес, қоңыраудың сыңғыры, 
Сонда отыншы түсінер бұл суреттің шындығын. 
Жарық жұтқан орманға бұрар кенет ат басын – 
О, сол сәтте 
Түн, 
арба, 
делбе менен сақ түлік 
Құдай түсі боп шығар... 
Құсалымын қайтейін, 
жас төгілді – жоқ шара, 
Тастарыма оралам – 
бұйырмады бақ шала. 
Жерге беріп тәнімді, 
Кетем мен де Аспанға. 
Жарық нұрға қол бұлғап 
өз-өзіме шақ Көрім. 
Бедеу арман артынан ілесуге келістім 
Тәнмен тоқу үшін де 
бұл қоштасу сәттерін. 
Құшағында құлазып соры қалың ақпанның 
Үміт өлер бөлмеңде ұятпен тауып үйлесім. 
Ақ ұлпа қар төгілер кеудесіне түнектің 
Қанаттары кестелеп сағыныштың жейдесін. 
Мен емес, Сен 
жылаған, 
иә, аяулы Джон Донн. 
Ыдыс-аяқ мүлгиді жалғыздықтың есінде – 
Қар қонады әзірге қараша үйдің басына, 
Қар тоңады, о, 
сосын қара түннің төсінде...» 

Ол бейне бір құс секілді 
ұясында жатыр мылқау - 
(Кәрі еменді қызғанышпен қапсырып.) 
Жиегін кір шалмаған өмір жолы мен 
орындалмас ізгі арманын 
Қою қалың бұлтқа оранған 
жұлдызына тапсырып. 
Ары таза оның 
көгершін құстың жанындай. 
Құдайым, 
Ақсүйектік ғұмыр - 
Сопылық жолдан алыс болғанмен, 
қаптаған қараторғай ұясының үстіндегі 
қарға жатағынан шынайы. 
Ол құс секілді 
оянар күндіз, 
Ал, қазір 
қар тоқыған ақ жамылғы астында жатыр 
Ғаршыға қарап, 
Жаны мен денесі арасындағы кеңістікті 
ұйқы шұғыласы жамап. 
Әлем жым-жырт. 
Үш-төрт өлең ғана тістерін қайрап 
аяғын күтуде ойдың: 
Пендәуи сезім – әншінің қарызы, 
Ал, хауас – аббаттың тәні. 

*** 

«Қай міскіннің су шашсаң да жолына, 
Илейтіні жалғыз күлше – теңдей ғып...» 
Өмірді осы кешкен кезде өзгемен, 
Өлім неге бөлісуге келмейді?! 
Саңылау бар 
қасиетті бөзде де, 
Дәті жеткен жыртар дағы аяусыз 
Кетер, кетер, 
Қайта оралар күйге осы. 
Түнек сауған аспан сонда қаяусыз 
Қолына алар тігіншінің инесін. 
Ұйықтай қойшы, өзіңді-өзің қорлама, 
Жыртық шекпен босағаңда мүлгіді. 
Сәл аялда, сәл аялда, 
Джон Донн, 
Қаншама жыл әлеміңді қорыған 
Жұлдыз шығар бұлтты жарып бір күні.

Аударған: Исламғали Айбол