19 шіл, 2018 сағат 21:23

Илья Ильин: Мен кішкентай ғана бауырымды жоғалтып алдым

Денис Теннің көз жұмғанын естіген спортшы Илья Ильин әлі де өз-өзіне келе алмай жатқанын жазды. Спортшының мезгілсіз қазасы зілтеміршінің қабырғасын қайыстырып жіберген.

"Бүгін Қазақстанда орын алған қайғылы жағдайдан әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Бүгін біз данышпан спортшыдан, ғажайып адамнан, өзінің жастығына қарамай біздің еліміз үшін көп нәрсе жасаған, жүректерімізге қуаныш сыйлаған адамнан айырылдық. Бүгін біз мені үнемі биік ой-өрісімен, асқан мәдениетімен таңғалдыратын менің кішкентай інім - Денис Тенді жоғалттық. Денис үнемі маған қарап бой түзейтінін айтатын, алайда оған қарап мен бой түзеп, мықты болуға талпынатынмын. Оның енді арамызда жоқ екенін мойындау қандай қиын. Денистің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын", - деп жазба қалдырды Илья Ильин.

Еске сала кетсек, бейсенбі күні Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

 NUR.KZ