30 нау, 2020 сағат 13:38

Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы тұрғындарына үндеу жолдады

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс жұртшылығына үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі өз үндеуінде: 

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде короновирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай жариялады. Осыған байланысты біздің облыста да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бүгінгі күнге дейін өңірде 318 адам карантиннен өтті. Мемлекеттік мекеме мамандары, дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Сондықтан оларды қолдап, еңбектеріне құрметпен қарауға шақырамын. Дегенмен, аймақта «COVID-19» вирусын жұқтырған 5 қазақстандық анықталып отыр. Бұл жағдай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қатаң шараларды қабылдауды талап етеді», - деп атап өтті.

Айта кетейік, Қызылорда облысы бас санитар дәрігерінің 30 наурыздағы №4 қаулысымен 31 наурыз сағат 00:00-ден бастап Қызылорда қаласына көліктің барлық түрлерінің кіріп-шығуына тыйым салынады. Теміржол қатынасына шектеу 1 сәуірден басталады.

«Облыс тұрғындарынан сұрайтыным, шектеу талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қоғамдық орындарда серуендеуді доғарып, үйден шықпай, дерттен оқшауланған жөн. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы ықтимал. Ал қаулы ережесін бұзғандарға заң аясында шаралар қолданылады. Өңірде коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен ең алғашқы науқастың мәселесіне келсек, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Қауіпті індет белгілерінің неліктен кеш анықталғаны қаралады», - деп түйіндеді сөзін Гүлшара Әбдіқалықова. 

Еске сала кетейік, Қызылордада 28 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелсе, 29 наурызда ол науқаспен қарым-қатынаста болған медбикеден де сол диагноз нақтыланды. Бүгін коронавирус жұқтырған тағы үш науқас анықталды.