#
#
Бейсенбі 23/05/2019

Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы отбасының шаңырағында болды

  • 14.03.2019
  • 0
  • 283

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова БҚО-ға жұмыс сапары барысында Бәйтерек ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының орынбасары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен және өңір басшысы Алтай Көлгіновпен бірге аудан орталығы Переметный ауылындағы Оңғарбай Абылаевтың шаруашылығында болды.

Мал шаруашылығымен айналысатын Абылаевтар отбасы бес баланы тәрбиелеп отыр.


Мәртебелі меймандар отанасы Гүлшат Иманқұлқызының иелігіндегі «Жансая» жеке кәсіпкерлігінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Үйдің ауласында орналасқан цехта сүт өнімдерінен түрлі тағамдар дайындалады. Мұнда құрт жасайтын станок та бар.


Оңғарбай Абылаевтың сөзіне қарағанда, өздері 2008 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Зайыбы Гүлшат Мұратқазиевамен бірге «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында қаржыға қол жеткізіп, еңбек еткен. Қазіргі кезде 8-9 бас ірі қараның өнімін өндіріп, сатуда. Сүттің литрі 200 теңгеден, еттің келісі 1500 теңгеден айналады.

Кәсіпкерлік 5-сыныпта оқитын Жансаяның есімімен аталған. Ол - оқу озаты. Еңбекқор қыз қолы тигенде, анасына көмектеседі. Күніне төрт үстел тақтайшасында құрт жасайды.

Үкімет мүшелері Абылаевтар отбасының еңбекқорлығына риза болып, Астанадан алып келген дәмдерін ұсынды. Ал Бердібек Сапарбаев Гүлшаттың қолынан құрт сатып алды.


Қонақтар жеке кәсіпкерліктің жылы да жарық қорасында да болып, сиыр мен бұзаулардың жай-күйіне назар аударды.

Вице-премьер бастаған топ  сапар барысында Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығында болып, ақсақалдармен жүздесіп, оларды Көрісу күнімен құттықтады.


Гүлшара Әбдіқалықова сапар мақсаты Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жаңа әлеуметтік шараларды ел-жұртқа таныстыру, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жай-күйін көзбен көріп, қордаланған мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу екендігін атап өтті.

Айта кетейік, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, күні бүгін Бәйтеректе 87 отбасыға жаңа тұрпаттағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Алдағы 1 сәуірден бастап 450 отбасы қосылмақ. Аудан бойынша 756 көпбалалы отбасыға әлеуметтік карта жасалды.   

Үкімет мүшелері сондай-ақ Орал қаласындағы бірнеше көпбалалы отбасында болып, жағдайларын сұрап білді.

Гүлшара Әбдіқалықова соның ішінде жылқы ұстап, қымыз өндірумен айналысатын қала тұрғыны Ақылбек Ишановтың қолға алған кәсібіне ден қойды.

Кішкентайынан атқұмар болып өскен А. Ишанов өткен жылы «Ишанов» жеке кәсіпкерлігін құрған болатын. Ондағы мақсаты жылқының мың бір дертке ем саумалымен қымызын кеңінен насихаттап, ұлттық сусынымызды əр қазақтың дастарханына жеткізу, сондай-ақ жылқымен серуендеу арқылы емделу, жылқыға қатысты ұлттық спорт түрлерін дамыту, атқа мінуді қала қазақтары өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналдыру еді.


«Бағытымыз айқын, сұраныстың бар екеніне аз уақытта көз жеткіздік. Саумал ем болып, аурудың небір асқынған түрлерінен беті бері қараған жандар болды,қаламыздағы тірек-қимылы бұзылған балаларға тегін иппотерапия қызметін көрсеттік. Дегенмен қалада мал ұстаудың өз қиындығы жетіп артылады. Бұл кəсіпті дөңгелетудің түрлі жолдарын көріп тұрсақ та, бизнестің дамуы көп қаражатты талап етері айтпаса да түсінікті. Біз жай ғана білім саласында қызмет ете жүріп, осы кəсіпке алғашқы жарнамызды құя бастадық. Өткен жылы жаңадан іс бастайтын кəсіпкерлерге берілетін тегін грантты иелендік. Алайда оған тек кəсіпке арналған құрал-жабдықтар алуға рұқсат етілді. Ендігі мақсатымыз - жылқы басын көбейтіп, кəсіпті кеңейту. Қала шетінен емдік-сауықтыру кешенін тұрғызу.Осындай ой-пікірлерімізге құлақ асқан Гүлшара Əбдіқалықова кəсіпкерлік үшін əрқашан қолдау болатынын жеткізді. Өз кезегінде өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, мəселемізді оңынан шешуге уəде етті», деді А.Ишановтың зайыбы Ақмоншақ Мақсотқызы.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар