03 сәу, 2017 сағат 18:28

Головкиннің жекпе-жегі туралы айтқан басқарма басшысына ескерту жасалды

Астана әкімдігі Головкиннің жекпе-жегін өткізу туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Елорда әкімдігі 2017 жылдың 17 шілдесінде Геннадий Головкиннің жекпе-жегі өтетіні туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлайды. Әкімдік аталған шараның ресми ұйымдастырушысы болып табылмайды және аталған бокс кешін өткізу шарттары бойынша ақпараттан хабарсыз"делінген хабарламада.

Шындыққа жанаспайтын ақпарат бергені үшін Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаевқа ескерту жасалды.

Айта кетсек, бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев қазақстандық боксшы Головкиннің Астанадағы жекпе-жегі шілденің 17-сі күні өтеді деп мәлімдеді. Бірақ GGG командасы ол ақпаратты жоққа шығарды.