26 ақп, 2017 сағат 09:05

Галина Вишневская Азия ойындарындағы төртінші алтынын алды

Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарының соңғы күні биатлоншыларымыз бір алтын, бір күміс, бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Саппородағы Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Биатлоншы қыздарымыз 12,5 шақырымдық масс-старт жарысында басты үш жүлдеге ие болды.

Алтынды Галина Вишневская жеңіп алса, күміс пен қола қазақстандық Алина Райкова мен Дарья Усановаға қанжығаларына байлады.

Айта кету керек, бұл - Вишневскаяның осы Азиададағы төртінші «алтыны». Осыған дейін ол спринтте, із қуалау мен аралас эстафетада бірінші орын алған еді.

Жеңімпаз жүлдегерлеріміздің көрсеткіштері:

1. Галина Вишневская (Қазақстан) - 39:26.6 (0+1+0+0)

2. Алина Райкова (Қазақстан) - +44.4 (0+0+1+0)

3. Дарья Усанова (Қазақстан) - +1:33.1 (0+1+1+3)

4. Анна Кистанова (Қазақстан) - +4:26.0 (2+1+3+0).