01 мау, 2018 сағат 09:38

EXPO қалашығындағы пәтерлердің бағасы анықталды

«Бәйтерек девелопмент» АҚ Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында орналасқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен көлік тұрағы орындарының құнын тәуелсіз консалтинг компаниясының көмегімен анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Бәйтерек девелопмент» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ЭКСПО-2017» аумағындағы тұрғын үй кешендеріндегі шаршы метрді өткізу құны 399 900 теңгені, бір көлік тұрағы орнының құны 699 000 теңгені құрайды. Бұл объектілер орналасқан жерінің тиімділігімен, қабаттарының аздығымен, пәтерлерінің эрогономиялық жоспарлануымен ерекшеленеді. Тұрғын үй орамының ішкі аумағы оқшауланған және қала тұрғыны үшін жайлы болады», - деп хабарлады «Бәйтерек девелопмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев.

Компания 2018 жылғы 1 маусымнан бастап бұрын «ЭКСПО-2017» көрмесінің қатысушылары мен қонақтарының тұруына арналған бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлерді сатуға шығарады.

«Сатып алу шарттарына келетін болсақ, әлеуетті сатып алушыларға қойылатын жалғыз талап: жеке тұлғалар үшін - төлем қабілеттілігі және Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет, ал заңды тұлғалар үшін - Қазақстан аумағында тіркелуі және қызметін жүзеге асыруы шарт», - деп қосты компания өкілі.


«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аумағында таза әрленген пәтерді бірнеше тәсілдермен: қолма-қол ақшасыз төлеу арқылы өз қаражаттары есебінен немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы ипотекаға, сондай-ақ «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қарызы есебінен сатып алуға болады.

«Тұрғын үйді және машина орындарын сатып алуға өтінімдер қабылдау процесі оның айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында «Digital Baiterek» платформасы арқылы онлайн режімде жүзеге асырылатын болады. «Бәйтерек девелопмент» АҚ риэлторлық компаниялармен ынтымақтастық жасамайтынына және портал арқылы өтінімдерді тіркеу және ресімдеу үшін төлемақы алмайтынына әлеуетті сатып алушылардың назарын айрықша аударғымыз келеді», - деді А.Өсербаев.

Сонымен қатар тұрғын үй кешенінде «шоу-рум» жұмыс істейді, мұнда әлеуетті сатып алушылар пәтерлердің жоспарлануымен танысады, қажетті кеңес алады және жылжымайтын мүлікті сатып алуға өтінім ресімдейді.

Анықтама: 2014 жылдан 2016 жылға дейін  «Бәйтерек девелопмент» АҚ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағында тұрғын үйлердің және сауда ойын-сауық орталығының құрылысын қаржыландырды. 42 үйден тұратын, алаңы 110,7 мың шаршы метр болатын тұрғын үй орамы «Люкс недвижимость Group» және «BI Group» компанияларымен әріптестік негізде салынды.

«Бәйтерек девелопмент» АҚ - «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы - «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу бойынша жалғыз қаржы операторы. Компания Қазақстан бойынша кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландырады.