26 мам, 2017 сағат 12:43

Ерлан Қошанов: Ұлытау өңірін зерттеу жұмыстары басталып кетті

Ұлытау өңірін зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қарағанды облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы бойынша ауқымды жұмыстар басталып кетті. Біз осы мақаланың ішіндегі ойлардың қаншалықты терең екендігін іске асыру барысында сезіне бастадық. Біріншіден, зиялы қауым, қоғам, кәсіпкерлер осы бастаманы толықтай қолдап отыр. Мәселен, «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында кәсіпкерлеріміз қазіргі уақытта жүздеген миллион теңгеге әлеуметтік нысандар салуда. Өздері туған жерлеріне де көмек көрсетуде», - деді облыс әкімі.

Қошанов Қарағанды облысы киелі жерлерге өте бай екендігін де баса айтты.

«Оның ішінде Мемлекет басшысының мақаласында айтылған Ұлытау өңірі де бар. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Ұлытауды дамыту, оны ары қарай насихаттап, зерттеу бойынша нақты жұмыстарды бастап кеттік. Ауқымды жоспарларымыз да бар»,- деді өңір басшысы.