6-8 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында «жасыл» технологияларға арналған инновациялық байқау өтті. Бұл туралы «Астана Innovations» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Startup weekend: GreenTech» байқауы – инновациялық жобаларды қолдау мақсатында өткізіліп отырған ауқымды шаралардың бірі.
«Байқауда жеке меншік секторға арналған жылыту жүйесі, ҚТҚ қайта өңдеу, ағын суларды тазалау және қайталама пайдалану мәселелері, тұрғын және өндірістік жайларда энергияны тұтынуды төмендету, СО2 тұту және сақтау, көліктер шығаратын пайдаланылған газды азайту, энергияның балама көздері, көшелерді жарықтандыру тақырыптары төңірегендегі түйткілді мәселелерді шешу мақсатында «жасыл» технологиялар таныстырылды», – делінген хабарламада.
Байқауға Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақтөбе, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Петропавл қалаларынан жалпы саны 4500-ден астам адам қатысып, жасыл технологиялар бойынша инновациялық жобалар ұсынды. Оның ішінде 75 жоба ресми тіркеліп, 12 команда ғана финалға шықты. Ал жүлделі орын 3 жобаға бұйырды. Олар: «Экокорм» жобасы (Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорынан арнайы жүлде 500 000 тг.), Hydro Plat жобасы («Astana Innovations» АҚ атынан 300 000 мың теңгеге сертификат), Жел магнитті турбинасы жобасы («Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-ның арнайы жүлдесі 200 000 мың теңгеге сертификат).
Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде шетелдік және жергілікті менторлармен бірлескен оқыту сессиялары ұйымдастырылды.
«Startup weekend: GreenTech» жобасы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бастамасымен, «Астана Innovations» АҚ ұйымдастыруымен, сондай-ақ Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының және қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту Қорының қолдауымен жүзеге асып отыр.
Айта кетcек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, көшелерді жарықтандыру, энергияның балама көздерін тауып, шығын көлемін қысқарту жұмыстары жүзеге асуда.