09 сәу, 2020 сағат 12:50

Елордада наурыз айында міндетті медсақтандыруға түскен қаржы 2,3 млрд теңгеден асты

«Елордалықтар 2020 жылдың 1-31 наурызы аралығында медициналық сақтандыру үшін 2,3 млрд теңгеден аса жарна аударды», – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 31 наурызы аралығындағы жинақталған жарнаның жалпы сомасы 371 млрд теңгеден асады. 

«Медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер көш басында деуге болады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 2020 жылдың 1-31 наурызы аралығында медициналық сақтандыру үшін 2,3 млрд теңгеден аса жарна аударған. Олардың жарналары мен аударымдарының қомақты бөлігі – 1,5 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілердің аударымдары, ал 8,1 млн теңгеден астамы – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен барлық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкпен арада жасалған сенімгерлік басқару туралы келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.