06 қыр, 2019 сағат 15:58

Елордада дельфинарий ашылды

«Mega Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығындағы Happylon Park-те дельфиндер шоуын паш ететін дельфинарий ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық Азиядағы ең ірі саналатын елордадағы дельфинарийде қайырымдылық шоуы өткізілді. Алғашқы шоу Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін тегін ұйымдастырылған. «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмі желісімен түсірілген шоуда актерлар мен дельфиндер балаларға қуаныш сыйлап, жас достардың қошеметіне ие болды. Ортаға шыққан Джек қарақшы дельфиндермен түрлі элементтегі өнерді паш етті.

Happylon Park-тегі дельфинарийдің басқарушысы Ләззат Тұрсынбаеваның айтуына қарағанда, дельфинарийге 400 орындық зал енеді. Дельфинарийде тұрақты актер ретінде екі дельфин Ди-Ди мен Зевс, сондай-ақ Рокки теңіз мысығы өнер көрсетеді. 

«Біз бүгін 400 бала үшін қайырымдылық шоуын ұйымдастырып жатырмыз. Негізі бұл жоба ЭКСПО аясында жасалған. Бұл дельфинарийді бірінші рет Ресейден актерлар 4 дельфин, 2 теңіз мысығын әкеліп, бір жылдық келісімшарт бойынша концертін беріп кеткен болатын. Сол кезде де ең алдымен қайырымдылық шоу өткізгенбіз. Бүгін сол дәстүрден аттамай, балаларды қуантуды жөн көрдік. Әр баланың арманы – дельфинді бір көру. Көпбалалы аналардың балаларын, әкесі немесе шешесі жоқ, одан бөлек балалар үйінен балалар осында келді», - деді Ләззат Тұрсынбаева.

Оның айтуынша, дүниеде дельфиндерді белгілі бір ойынға үйрету мүмкін емес. Ал елордаға әкелінген дельфиндер – бір кездері үйретілген дельфиндердің төлі. 

«Актер дельфиндеріміз балалардың қошеметіне қуана-қуана өнер көрсетеді. Былайғы күнде дельфинарийге кіру ақылы болады. Бағасы 3-5 мың аралығы», - дейді ол.

Паркте дельфиндер үшін барлық жағдай жасалған. Олармен тұрақты түрде жаттықтырушылар жұмыс жүргізеді. Бассейн де әрдайым тазартылып тұрады. Сонымен бірге, су тағыларын 20 жылдық өтілі бар ветеринар тұрақты түрде тексеріп тұратын көрінеді.