20 шіл, 2019 сағат 08:58

Елорда әкімдігінде азаматтарды қабылдайтын кабинет ашылды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бірінші қабатында азаматтарды қабылдау бөлмесі ашылды, деп хабарлайды Елорда Инфо. Бұл туралы әкім орынбасары Бақтияр Мәкен Іnstagram парақшасында жазды.

«Әкімге және орынбасарларына жазылған азаматтардың саны өте көп. Енді әріптестерімізбен кестеге сәйкес жазылған азаматтарды кезегімен қабылдаймыз. Бүгін 19 шілдеде менің қабылдауымда 30-ға жуық азамат болды», - деп жазды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Азаматтардың көпшілігін әлеуметтік мәселелер толғандыратынын атап өткен ол адамдар құқықтық, психологиялық, тағы да басқа кеңестерге де зәру екенін жеткізді.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алуға тиіс кейбір анықтамаларды әкімдіктен тез шешіп беруді сұрағандар да болды. Тиісті басқармаларға тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болуды, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырдым», - деді ол.